Ленин шахтасында болған апатқа кінәлі ретінде 24 адам күдікке ілінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ленин шахтасында болған апатқа кінәлі ретінде 24 адам күдікке ілінді

23.11.2022

Қарағандыдағы Ленин шахтасында болған апатқа 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі. Арнайы комиссия осындай қорытындыға келді. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының бас директоры Биджу Наир мен Көмір департаментінің директоры Джелсон Батиста, сондай-ақ шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық құрамнан 24 адам кінәлі ретінде күдікке ілінді. Оларға ел аумағынан шығуға тыйым салынған. Ресей мен Германия сарапшылары қатысқан 12 адамнан тұратын Үкіметтік комиссия оқиғаның себеп-салдарын егжей-тегжейлі тексеріп, өрескел қателіктер кеткенін жариялады.

Шахтада метан басым аумақтарды барлау, қауіпті сейілту жұмыстары бойынша 13 тау-кен шебері жұмыс істеген. Негізінен олардың саны 25 болуы керек. Электро-слесарь мамандарының да саны осынша болуы қажет. Алайда 16-ы ғана жүрген. Метан жарылған жерде көмір шаңын сейілту, аумақты жарықтандыру, бұрғылау қондырғысын орналастыру жұмыстары қадағаланбаған. Еске салсақ, 3-қараша күні шахтада жарылыс болып, 5 кенші қайтыс болған еді. Тағы 4 адам ауруханаға түскен.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Комиссия жұмысшылардың кінәсі жоқтығын растады. Ал жұмыс беруші тараптың қателігі 100 пайыз. Еңбек заңы мен өндірістік қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылуы қайғылы жағдайға себеп болған. Осыған байланысты комиссия шығарған қорытынды құжаты құқық қорғау және қадағалаушы органдарға жіберіледі. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы мен мен көмір департаментінің басшылары және шахтаның жетекшілері мен инженерлік-техникалық құрамнан барлығы 26 адам қайғылы оқиғаның себеп-салдары үшін жауапты.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу