«Jastar Jalyny - 2022» шығармашылық фестивалі мәресіне жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Jastar Jalyny - 2022» шығармашылық фестивалі мәресіне жетті

18.11.2022

«Jastar Jalyny - 2022» шығармашылық фестивалі мәресіне жетті. 6 күнге жалғасқан байқауда қатысушылар 10 номинация бойынша сынға түсті. Дәстүрлі шараны Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Qazaqstan Jastary» қоғамдық қоры және Қазақстан студенттерінің Альянсы өткізді.

Жантас Еркінұлы - «Поэзия» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Жасынан өлең жазуға құмар ол бұл жолы жыр шумақтарын «Тәуелсіздік» тақырыбына арнаған.

Жантас Еркінұлы, «Поэзия» номинациясының жеңімпазы:

Осындай жастар жалыны фестивалінің ұйымдастырушыларына замандастарыма рахмет айтқым келеді. Өте керемет байқау болды. Әрі қарай даму үшін, үлкен әдебиетімізіге қазақ поэзиясының биігінен көрініп, соған міндетті түрде кітап оқып, білімімізді шыңдай бермекпіз.

Шығармашылық байқауға елордадағы 14 жоғары оқу орнының студенттері қатысты. «Поэзиямен» қатар жастар медиа, заманауи би, ұлттық би, эстрада, музыкалық аспаптар, айтыс, сурет салу, театр, «qazaq quiz» сияқты 10 номинация бойынша сынға түскен еді. Бүгін үздіктеріне қошемет ерекше. Марапаттау қағаздары мен қаржылай сертификаттар табысталды. Мәдени шараның мақсаты – жас буын өкілдерін ынталандыра отырып, бірлігін арттыру, дейді ұйымдастырушылар. Жастардың білімі мен шығармашылығынан бөлек, әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмақ емес.

Есет Байкен, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

60-тан астам жәрмеңке өткіздік. 11 мыңнан астам студент жұмысқа орналасты. Екінші бағыт жастарға баспана керек. Оған қоса Астана қаласы әкімдігі тарапынан «Елорда жастары» бағдарламасы аясында жылына 200-ден астам пәтер жеңілдетілген несие арқылы беру қарастырылған.

Баспанадан бөлек, әкімдік тарапынан бөлінетін гранттар саны да артқан. Биылдың өзінде 1300 грант бөлінді. Астана саяси әкімшілік орта ғана емес, жастардың қаласына айналып келеді. Оларға қолдау таныту бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек. Қазір елордада 62 мыңнан астам студент білім алып жатыр.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу