Стамбұл қаласындағы жарылыста қазақстандықтар зардап шеккен жоқ. Бұл мәліметті СІМ-де растады. Қаза тапқан алты адам да Түркия азаматтары. Лаңкестік әрекетті ұйымдастырғандарға қарсы арнайы операция әлі де жалғасып жатыр. Қазірге дейін 50-ге жуық адам ұсталған.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Қорқыныш, үрей, сенімсіздік. Кез келген терактінің көздегені осы. Стамбұлдың дәл орталығындағы жарылысты ұйымдастырғандардың да көздегені осы еді. Алайда олар мақсаттарына жете алмады. Жазықсыз жандарды құрбан еткенімен, олар халықтың бірлігін бұза алмайды дейді түркиялықтар.
Айхан Тунга 15 жылдан бері осы Истиклаль көшесінде симит тоқашын сатады. Кешегі жарылыс кезінде де осы маңайда болған. Оқиғаны көзімен көріпті.
Айхан Тунга, Стамбұл қаласының тұрғыны:
Қатты дауыс шықты. Елдің бәрі жан-жаққа қашты. Жаралылар өте көп болды. Біз бірден көмек көрсетуге жүгірдік. Дегенмен қанша жарылыс жасаса да, біздің халықты қорқыта алмайды. Біздің туымыз бір, еліміз бір. Бірлігімізді бөле алмайды.
Бүгін де оқиға орнында адам көп. Халық қаза тапқандардың рухына дұға бағыштап, гүл шоқтарын қойып жатыр. Стамбұл губернаторы мен ішкі істер министрі жарылыстан зардап шеккен дүкен иелерімен кездесіп, журналистерге соңғы ақпараттарды жеткізді.
Сүлейман Сойлу, Түркияның ішкі істер министрі:
Егер түнде ұстамасақ, Грекияға қашпақшы болған. Бұл әйелге қайда барып, не істеу керектігін айтып отырған үйлестірушілерді де ұстадық. Тіпті осы сөмкені жарылыс орнына әкелген әйелді кейін өлтіруі тиіс болған қылмыскерді де қолға түсірдік. Біз террорға қарсы күресті ешқашан тоқтатпаймыз.
Стамбұлда қызмет бабымен немесе қыдырып келген қазақстандықтар көп. Абырой болғанда, кешегі оқиғадан жерлестеріміз зардап шекпеген. Қазақстанның бас консулы Әлім Байелдің айтуынша, дипломаттар түнімен тиісті органдармен байланыста болып, зардап шеккендер арасында отандастарымыздың бар-жоғын анықтаған.
Әлім Байел, Қазақстанның Стамбұлдағы бас консулы:
Жарылысты ұйымдастырғандарды ұстау операциясы әлі де жалғасып жатыр. Қазірге дейін 50-ге жуық адам ұсталды. Ал жараланған 81 адамның 57-сі тиісті ем-домнан соң үйлеріне жіберілді. Қала бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Айдос Әшімұлы