Шахтада қаза тапқандардың денесі жер қойнына тапсырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шахтада қаза тапқандардың денесі жер қойнына тапсырылды

06.11.2022

Көкірегінде үміті мен күдігі арпалысқан кеншілердің туыстары апат туралы ести салысымен Ленин шахтасының алдына жиналды. Бақытжан Зәйкешованың екі ұлы осында жұмыс істейді.

Бақытжан Зәйкешова, марқұм М.Ынтықбаевтың анасы:

Екінші ұлым осында істейтін Ынтықбеков Мағжан, соны іздедім қайда деп. Қаза болғандар айтылған жоқ. Астында қалғандарды жазыпты телефонға болды. Басқа ештеңе айтпай тұр ғой.Түнде 12-де кірген.

Жүрегі қарс айырылған ананың Мағжан атты ұлы дін аман. Алайда қайтыс болғандардың тізімінде үлкен ұлы Марғұлан бар екен. Ол не бары 26 жаста еді. Шахтаға жұмысқа тұрғанына үш ай ғана болған. Отбасын құрып та үлгермеген. Өрімдей жас өзекті өртеп кете барды.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Оқыс оқиға түнгі сағат 3:00 шамасында болған. Газды дренаждау скважинасын бұрғылау кезінде апат болып, ауаға шамадан тыс метан тараған. Сөйтіп кеншілердің өміріне орасан зор қауіп төнген. Өкінішке орай 5 адам қаза тапты.

Шахтадағы оқыс жағдай туралы ақпарат құтқару қызметіне бірден хабарланған. Оған дейін жер астындағы 101 кенші жоғарыға шығып үлгерген. Құтқарушылар 830 метр тереңдікте болған апат аумағына жеткенше біраз уақыт кеткен. Жер астында қалып қойған 5 кеншіні табу үшін бірнеше бригадаға бөлініп жұмыс істеуге тура келген.

Жұмат Өкенов, «Кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару» ЖШС ҚОФ директорының орынбасары:

Жер астына түсіп, барлау жұмысын өткізіп, ең бірінші 3 адамды таптық мерт болған. Одан 1 сағаттан кейін қалған екі адамды таптық. Барлығы 5 адам мерт болған. Олардың өз орындары болған жұмыс істеген. Бір орында екі адам, одан жоғары тағы екі адам ал бесінші адам ол мастер дейді , маршрутпен жүретін кісі болған ғой.

Құтқарушылар жазым болған кеншілердің тек біреуі ғана өзін-өзі құтқару құралын киіп үлгергенін айтты. Алайда ол көмектеспеген.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Апат аумағындағы жалын сөндірілді. Шахта ішіндегі түтін желдетіліп, қауіпсіздік қамтамасыз етілген кезде құтқарушылармен бірге сарапшылар тобы түсетін болады. Алдымен метанды жарылыс, сосын жану болған. Яғни апаттың техногенді сипатқа ие екенін атап өткім келеді. Алайда себебін нақты айту қиын. Өйткені кеншілер бұрғылау жұмыстарын көмір лавасында емес, беткі қабатта жүргізген. Апатқа себеп -табиғи немесе адами фактор екенін сарапшылар нақтылайтын болады.

Қаза болған кеншілердің отбасыларына мамандар психологиялық көмек көрсетті. Алдағы уақытта оларға келісімшарт негізінде қолдау жасалады. Компания өкілдерімен бірге оқиға орнына барған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек осындай шешім қабылдаған.

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

Қаза болған кеншілердің отбасыларына кеншілердің 10 жылдық айлығы беріледі және қарыздары, басқасы болса, ол толығымен төленеді. Сондай-ақ компанияның ұсынысы бойынша әрбір отбасына бір пәтерден алынатын болады.

Денсаулығына зақым келген тағы 4 кенші Мақажанов атындағы облыстық ауруханаға жеткізілді. Екеуі метан газына уланған. Апат кезінде ауадағы метанның концентраты 5 пайыздай болған. Бұл адам өміріне айтарлықтай қауіпті. Газдан уланғандар ем алып жатыр. Ал екеуі бас-ми жарақатымен ауыр жағдайда түскен. Дәрігерлер шұғыл операция жасау туралы шешім қабылдаған.

Ғабит Махамбетов, Нейрохирургия орталығының меңгерушісі:

Екеуіне де операция жасалды. Екеуі де сәтті өтті. Мидағы бас сүйектері алынып, қаны тоқтатылды. Қазіргі күнде екеуінің жағдайы қалыпты. Палатаға ауыстыратын жоспарымыз бар. Токсикологиядағы науқастардың жалпы жағдайы жақсы. Емін қабылдап жатыр.

Полиция бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Жедел тергеу тобы тиісті сараптамаларды жасап, кінәлілер анықталса, жазалануы тиіс. Дегенмен көмір шахталарында техникалық жабдықтарын жаңғырту, өндірістік қауіпсіздікті арттыру сияқты мәселелер көтерілгелі қашан?!

Дмитрий Гдаш, кенші:

Оқыс болатын жағдай ғой. Метан жарылады. Оны сезбей де қаласың. Дегенмен өндірістік қауіпсіздікті жақсартуға түрлі шаралар қабылданып, техниканы жаңарту керек. Алайда еш өзгеріс жоқ.

Қарағандыда 8 бірдей кен орны бар. Оларда 13 500 адам еңбек етеді. Барлығында маман тапшылығы мен құрал-жабдықтардың жаңартылмай отырғаны өзекті мәселе болып отыр. Тіпті, кейбір кеншілер шағын механикалық құрал-жабдықтарды өз қаражатына сатып алады екен. Негізгі желдеткіш қондырғылары өткен ғасырдың 70-80 жыдары іске қосылған. Пайдалану мерзімі 14 жыл болса да, олар әлі күнге қолданыста. Бұл мәселелер шахтерлардың талабы бойынша құрылған келісім комиссиясының отырысында қозғалды. Комиссия былтыр Абай шахтасында апат болып, 6 кенші көз жұмғаннан кейін құрылған еді. Сөйтіп кеншілерге қатысты түйткілдер түгенделіп, жұмыс берушіге 12 талап жолданған. Соның бірі - еңбек қауіпсіздігі мен жұмысшылар жағдайын жақсарту.

Евгений Буслаев, «Қорғау» кеншілер кәсіподағының төрағасы:

Қазіргі уақытта компания 20 астам жерасты комбайндары, бұрғылау қондырғылары сатып алынды. Олар қазір жиналып жатыр. Таяу арада шахталарға түсіріледі. Алайда біз кәсіподақ тарапынан компанияға техникалық жабдықтау мен өндірістік қауіпсіздікті жақсартуға қатысты бағдарламаны жалғастыруын талап етіп отырмыз. Себебі көмір кеніштеріндегі құрал-жабдықтар материалдық та, моральдық та тұрғыдан әбден тозған.

Тамыз айында ғана өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті Ленин атындағы шахтаны тексеріп, 171 заң тармағы бойынша тиісті талаптардың бұзылғанын анықтаған. Алайда ешқандай шара қолданылмаған. Кен орны атауының өзі әлі күнге ескі қалыпта сақталып отырғанына қарағанда, оның құрал-жабдықтарының қаншалықты жаңартылғаны да күмәнді... Бұл мәселе Парламент Сенатында да сынға ілікті. Қайғылы жағдайға кінәлілер анықталса, олар жазасын алу тиіс,-дейді депутаттар.

Қайрат Қожамжаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Бір жағынан жабдықтарды жаңарту керек. Техникалық қауіпсіздікті сақтау ережелерін олар сақтау керек. Себебі әрқашанда айыппұлмен ғана құтылып кетіп жатыр. Дұрыс айтасыз. Ал енді қылмыстық кодексте бір заң бар. Егер осындай жағдайда құрылтайшылар немесе басшылар кінәлі болса және де осы салдары мен оларың іс-әрекетінің арасында тікелей байланыс болса және олардың кінәсі болса олар қылмыстық әкімшілік және материалдық жауапкершілікке тартылады.

Ленин атындағы шахтада бұған дейін де апатты жағдайлар болған. Еске салсақ, осыдан 16 жыл бұрын дәл осы кеніште қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзу салдарынан метан газы жарылып, 41 кенші қаза тапқан еді. Ал осы жолғы оқиға бойынша сарапшылар жұмысы аяқталған соң, комиссия қорытындысы жариялануы тиіс.  

Ерлан Сайров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Сауалдың нәтижесінде біраз цифрлар болды. Бірақ нақты осы ««Арселлор Митталға» қатысты қандай шара қолданамыз?» деген сұраққа жауап берілмеді. Біздің ойымызша, үкімет, оның ішінде Экология министрлігі, Индустрия министрлігі осы «Арселлор Митталға» келген кезде қауқарсыз сияқты. Олардың қолдары байланып қала ма, уәкілеттігі жетпей қала ма Арселорға келгенде ығып қалады. Сондықтан қазір қоғамның кешеден бері айтып жатқан мәселелері бар, депутаттар да бұл мәселені жан-жақты көтеріп отыр. «Арселлор Митталға» қатысты нақты шаралар қолдану керек.

Ерлан Сайров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Егер де Қазақстанның экологиясына, сонымен бірге азаматтардың тағдырына немқұрайлы қарайтын болса, онда бұл инвестордың тағдырын шешу керек. Өйткені ең қымбаты – ол біздің азаматтарымыз. Қазақстан Республикасының халқы. Осы конссесиялық келісім нешінші жылға дейін болған, ол келісімінің ішіндегі тармақтары қандай деген сұраққа біз әлі жауап бере алмаймыз. Сондықтан қазіргі ең негізгі мәселе: осы «Арселлор Митталдың» конссесиялық келісім-шарты қашан бітеді?


Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу