COVID-19 пандемиясы адамзат үшін денсаулықтың қашанда басты байлық екенін көрсетті. Бүгін Ыстамбұлда өткен Түркі ұйымына мүше елдердің Денсаулық сақтау министрлері құрылтайына қатысқан мамандар осылай деді. Осымен сегізінші рет ұйымдастырылып отырған конгресте түркітілдес елдердің медицина мамандары пандемиядан кейін саланың дамуы, ғылыми медицинаны әртараптандыру сияқты өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ түркі мемлекеттері дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтарды шығаруда өзара тәжірибе алмасу жөнінде келісімге келді. Қазақстандық делегацияны бастап барған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ғылымды дамытуға және пандемия кезінде халықтың денсаулығын қорғауға қосқан үлесі үшін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның қолынан арнайы мараптқа ие болды.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Осы конгресте барлық медицина қызметкерлері әрбір мемлекеттен келген сарапшылар ғылымның дамуы жөнінде, әсіресе жаһандық пандемиядан кейінгі серпілістің медицина ғылымының дамуына берген мүмкіндігі, көптеген жаңа технологияларды енгізілуі, ол технологиялардың практикаға енгізіліп, халықтың денсаулығын нығайтуға әсерін талқылап жатыр.
Айдос Әшімұлы