Елдегі мыңдаған тонна бидай шіріп кеткелі тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі мыңдаған тонна бидай шіріп кеткелі тұр

30.10.2022

Иә, биыл бидай бітік шығып, қамбалар астыққа толды. 22 млн тонна астық бастырылды. 2021 жылдан 26 пайызға көп. Бірақ шаруалар бұған қуана алмай отыр. Мыңдаған тонна бидай шіріп кеткелі тұр. Өйткені диірмендерге жеткізуге де, сыртқа сатуға да мүмкіндік жоқ. Вагондар тапшы.

Ал бұл уақытта Ресей Орталық Азия мен Каспий маңы бассейні елдерінің астық және ұн нарығындағы позициясын нығайтуға бекініп отыр. Ташкентте өткен Каспий және Орталық Азия астық форумының ашылуында Астық экспорттаушылар одағының басқарма төрағасы Эдуард Зернин былай деді: «...Қазақстанда су тапшылығының шиеленісуі және 2030 жылға қарай бидай шығымдылығының шамамен 40%-ға төмендеуінің өте шынайы жағымсыз сценарийі бар. Бұл жағдайда Қазақстандағы бидай өндірісі шамамен 8 миллион тоннаға дейін төмендеуі мүмкін, бұл елдің импортқа тәуелділігін арттырады». Цитата соңы.

Зернин Қазақстан үшін жағымсыз жағдайды Ресей ұтымды пайдаланып қалғысы келетінін меңзеп тұр. Батыс нарығынан айырылған Ресей енді Орталық Азияға көз тігіп отыр. Ал Тәжікстан мен Өзбекстанға импортталатын астықтың 90%-ға жуығы Қазақстаннан келетінін ескерсек, мұндай сценарий солтүстіктегі көршімізді қуантпаса қынжылтпайтыны анық. Орта Азия елдерінің халқы 10 жылда 20-22 млн адамға өсіп жатыр. Бұл бидай тұтыну да 2 млн тоннаға артады деген сөз.

Яғни, нарық кеңейе түседі. Қазақстан осы нарықтағы орнынан айрылып қалмау керек-ті...Бірақ әзірге вагон тапшылығы сияқты проблеманы шеше алмай отырмыз. Оңғар Алпысбайұлы мән-жайды анықтап көрді.

Бұл Ақмола облысы Атбасар ауданындағы жағдай. Шаруалардың жаз бойғы маңдай тері қар астында қалды. Ал Атбасар еліміз бойынша экспортқа астық шығаратын ең ірі аудандардың бірі.

Роза Тасмағамбетова, «Атамекен» ҰКП Атбасар аудандық бөлімінің директоры:

Кәсіпкерлер Қытай, Орталық Азия елдерімен келісімге отырған. Қазір олар осы шарт талаптарын уақытылы орындай алмай жатырмыз, келісімнен айырылып қалуымыз мүмкін деп шырылдап жүр. Бізге де, өзге органдарға да күнде шағымданады. Әзірге нәтиже жоқ. 

Ал, элеваторлар шаруалардың астығын қабылдауға қауқарсыз. Себебі...

Абдірахман Сарбасов, «Нан абройы» ЖШС директоры:

Элеватор қыркүйек айының соңынан бастап 100 пайыз толып тұр. 100 мың тоннадан астам астық іште. 10 тоннадан астамы осылай далада жатыр.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Бұл жота-жота болып жатқан алтыннан да қымбат санайтын астығымыз. Биыл егін бітік шыққанымен диқандарымыз әлі дамыл таппай жүр. Өнімдерін сата алмай әлек. Ал элеваторға сыймай осылай далада жатқандарына су сіңіп шіри бастаған.
Далада тау-тау болып үйіліп жатқан жоталардың ең астындағы бидай осылай дымқыл тартып, сызданып кеткен. Қазір бұны осы элеваторда қайта тазалап, кептіріп көреміз дейді. Ал, кеппегені қоқысқа лақтырылады. Аудан орталығында 2 ірі элеватор бар. Олар бидайды бір емес бірнеше реттен кептіріп жатыр. Әтпесе шаруалар шығынға батқалы тұр дид.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Бұл жерде де 12 мың тоннадан астам астық далада жатыр. Мына бидай элеваторда тазартылып кептірілген. Алайда өзге шаруалардың өнімін шірітпеу үшін, бұл экспортқа дайын өнімді далаға қайта шығарып тастауға мәжбүр болдық дейді элеватор қызметкерлері.
Шаруалар мәселенің туындауының бірнеше себебі бар дейді. Алғашқысы:

Абдірахман Сарбасов, «Нан абройы» ЖШС директоры:

Ауыл шаруашылығы министрлігі экспортты тым кеш, қыркүйектің 15 күні ашты. Бұл кезде ел ішінде астық қоры тым көбейіп кетті. Баға да құлдырай бастады.

Ал, экспортқа рұқсат беріле сала екінші проблеманың беті ашылды. Астық тасымалдайтын вагонның жетіспеуі жығылғанға жұдырық болды. Вагондардың беріле бастағанына 1 аптадай ғана болған. Оның өзінде қажетті мөлшерде емес. Тым аз дейді.

Қазбек Омаров, Қазақстан астық өндірушілер одағының ресми өкілі:

500 ден астам вагон жолды тұрып қалған. Оларға локоматив жетіспей жатыр дейді. 5 күннен 20 күнге дейін жолда тұрған вагондар бар арасында. Оның үстіне Астық транс жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 371 вагоны жөндеу жұмыстарын күтіп отыр. Ол вагондар да айналымнан шығып қалған.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша биыл егіннің орташа шығымдылығы гектарына 13,8 центнерден болып барлығы 22,1 млн тонна астық бастырылды. Бұл былтырғы 16,4 млн гектардан 26 пайызға көп. Тасымалға жуапты компания өкілдері вагондардың жетіспеушілігіне шығымның көп болуы себеп болды деп ақталды.

Сергей Мосолкин, «Астық Транс» АҚ президентінің бірінші орынбасары:

Еліміздің теміржол паркі биыл өзгерген жоқ. Барлық тасымалдаушылардың иелігінде астық таситын 13 мың вагон бар. Уақытша қиындықтар болып жатыр. Барлық қожалықтар 1-2 айдың ішінде осыншама астықты сыртқа сатқылары келеді. Бұл әрине мүмкін емес. Мұндай көлемде астық жөнелту үшін 6-7 ай қажет.

Ал шаруалар ұзақ күтетін мүмкіндігіміз жоқ. 1 ай бұрын тоннасы 130 мың теңгеден болса қазір 108-100 мыңға дейін арзандап кетті. Әрі қарай да түсе беруі мүмкін дейді.

Абдірахман Сарбасов, «Нан абройы» ЖШС директоры:
Шығынға батып жатырмыз. Ауа райын көріп тұрсыздар. Ылғалды күндері далада жатқан бидай бүлінбей қоймайды. Қаншама астықты төгіп тастауға мәжбүр болып жатырмыз.
Бидай арзандағанмен шаруаларға қажетті техника, қызмет түрлері қымбаттап жатыр.

Қазбек Омаров, Қазақстан астық өндірушілер одағының ресми өкілі:

Теміржол тарифі былтырғымен салыстырғанда 2 есе өсіп кетті. Астық тасымалдаудың өсіп кеткені бірінші кезекте шаруа қожалықтарының қалтасынан шығатын шығын.
Марат Қозыбағаров, «Жүсіп» қожалығының басшысы:

Кредит бар. АККдан алғанбыз. Сосын комбайн алдық. Міне, несиеге алдық. Былтыр бағасы 38 млн болған. Биыл бағасы комбайнның 103 млн. Заттары екі есе қымбаттап кетті. Былтырғы мен биылғы. Былтыр шамамен10 млн кетіп отырса биыл 22-23 млн кетеді.
Арсагиреев Альви, «Альви» қожалығының басшысы:

Егіс науқанына алған несиелердің төлем уақыты да таяп қалды. Біз әлі өнімімізді сатқан жоқпыз. Енді қалай төлейтінімізді білмейміз. Қызметкерлердің жалақысын төлеу керек. Келер жылға дайындалу керек.
Диқандар келер жыл бұдан да қиын бола ма деп алаңдайды. Биыл астақ жеткілікті, сатып алушы да бар. Мәселе жеткізуде. Ал, шарт талаптарын орындамай бидайды мерзімінен кеш жеткізгендіктен шетелдік тұтынушылар келер жылы байланысты тоқтату туралы шешім қабылдау қаупі бар. Яғни жаңа нарыққа шығу туралы әңгіме қозғауға да ерте дейді.

Қазбек Омаров, Қазақстан астық өндірушілер одағының ресми өкілі:

Кейбір сарапшылар Египетке, Герцияға, Еуропаға, Турцияға деп жатады ғой. Біз алдымен өзіміздің дәстүрлі нарықтарды қарық қылып алайықшы.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Қазір орталық Азия импорттайтын бидайдың 90 пайызын Қазақстан қамтамасыз етіп отыр. Алайда 10 күн бұрын Өзбекстанда өткен Каспий және Орталық Азия астық форумында Ресейдің астық экспорттаушылар одағының басқарма төрағасы Эдуард Зернин осы аймақтағы позициямызды нығайтамыз деді. Батыс нарығынан айырылған солтүстіктегі көршіміз үлкен нарықтан Қазақстанды ығыстыруға ниетті екендерін ашық айтты.
Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу