Бүгін бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішовке қатысты сот үкімі шықты. Сот Біртановтың бостандығын 5 жылға шектеді. Ол цифрлық платформа жобасы бойынша кінәлі деп танылды. Ал санавиация бортын пайдалану эпизоды бойынша ақталып шықты. Сонымен қатар экс-министрге өмір бойы мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті атқару органдары мен квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға тыйым салынды. Ал Олжас Әбішевтің бостандығы төрт жылға шектелді. Денсаулық сақтау министрлігінің азаматтық шағымы жартылай орындалған. Біртанов пен Әбішевтен министрліктің пайдасына 1 млрд 350 млн теңге көлемінде материалдық шығын өндіріледі. Бұған қоса, азаматтық шағымды қанағаттандырғаны үшін баж салығы ретінде әрқайсысынан 20 млн теңге өндіріліп алынады. Елжан Біртанов сот үкімі оқылғаннан кейін апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Ибрагим Әлкенов, Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының судьясы:
Біртанов пен Әбішев жұмыс істемейтін платформаны қабылдап алған, қажетті жұмыс атқарылмаса да жұмыстың орындалғаны туралы актіге қол қойған. Олардың заңсыз әрекетінің салдарынан 1,3 млрд теңге хорват компаниясының есепшотына түскен. Осылайша үшінші тұлғаның мүддесіне қарай билік өкілетін асыра пайдалану фактісі расталды.
Елжан Біртанов, Экс-министр:
Заң бойынша адвокаттармен ақылдасып қажетті заңды шараларды ары қарай жасаймыз. Апелляцияға береміз. Содан кейін көреміз. Біздің ұстанымымызды жақсы білесіздер. Біздің ұстаным бойынша ешқандай қылмыс болған жоқ.
Шерхан Маратұлы