Қонаев қаласының орталығын орналастыру бойынша 3 нұсқа ұсынылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қонаев қаласының орталығын орналастыру бойынша 3 нұсқа ұсынылуда

23.10.2022

Қонаев қаласының бұрынғы «Қапшағай» атауы «тар шатқал» немесе «қысылған жер» дегенді білдіруші еді. Бәлкім, осы ескі атаудан айрылып, облыс орталығы статусын алғаннан кейін, расымен, қала кеңейе түсетін шығар?! Қаланың бас жоспарына сенсек, санаулы жылдан соң шаһар келбеті мынадай болуы тиіс. Осы бас жоспарға сай, Қонаевтың басты алаңы, яғни жаңа орталығын орналастыру бойынша 3 нұсқа ұсынылып отыр. Солардың бірі - «Green City» ауданы. Әу баста ол Алматы облысындағы «G4 City» спутник-қалалардың бірі болады деп жоспарланған. Осы «G4» жобасы таныстырылғанда ірі курорттық орталық болады деп уәде етілген. Бірақ әзірге аймақ қаңырап тұр. Президент Алматы облысына сапарында сол «G4» жобасы аясында салына бастаған «Gate City» серіктес қаласына да тоқталды. Оны экономикалық аймақ етуді ұсынды. Өткен хабарымызда 50-ден астам халықаралық компания Ресейден кетіп, Қазақстанға көшуге мүдделі екенін талдаған едік. Міне, сол кәсіпорындардың кейбірін Тоқаев осы «Gate City» серіктес қаласына, Үлкен Алматы айналма жолының бойына орналастыған жөн, - дейді. Жоба қашан және қалай жүзеге асатынын көрейік... Өйткені «қала қақпасы» деп аударылатын осы «Gate City» бойынша үкіметтің бұған дейінгі уәделері қағаз жүзінде қалып қойды. Аты дардай «G4 City» жобасының қысқаша тарихы мынадай: Алғаш рет жоба туралы 2006 жылы айтылады. Содан оны жүзеге асыру үшін әртүрлі шетелдік компания тартылады. Билік өкілдері «әне басталды, міне қосылады» деп, жыл сайын жар салып жүреді. Түрлі баспасөз жиындары, отырыстар өтеді, 4 қаланың жоспарлары талқыланады. Сөйтіп, 12 жыл өтіп кетеді. Ақырында 4 қаланың орнына біреуін ғана салу туралы шешім қабылданады. Ал 2017 жылдың соңында үкімет Алматы облысындағы «Gate City» бас жоспарының күші жойылғаны туралы жарлық шығарады. «Жыр» болған жоба Алматы облысының әкімдігіне жүктеледі. Оның аумағы бұрынғыдай 8 мың емес, 2 мың гектарға, ал халық саны 130 мың адам емес, 60 мың адамға дейін азаяды.

Ал оған бөлінген қыруар қаржы қайда?! 2008-2015 жылдары бұл жоба үшін 31 миллиард теңге бөлініпті. Қағаз бетінде ғана қалған қалалар үшін кеткен миллиардтарды кімнен сұраймыз?!


Хабарламаларға жазылу