Қасым-Жомарт Тоқаев: ХХІ ғасыр Азия ғасыры болады деген болжам шындыққа айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев: ХХІ ғасыр Азия ғасыры болады деген болжам шындыққа айналды

16.10.2022

Осы апта Қазақстан Орталық Азияның дипломатиялық алаңына айналды. Бұл аймақтың ықпалы мен рөлі күшейіп жатқанын Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі Кеңестің алтыншы саммитінде бірнеше ел президенті растады. Тоқаев «ХХІ ғасыр Азия ғасыры болады деген болжам шындыққа айналды» деді. Дүние жүзіндегі ең ірі 30 қаланың 21-і осы аймақта орналасқан. Демек, батыс үшін де Азия кеңесіне мүше елдермен байланысты нығайту тиімді.

Кеңестің құрамы да кеңейіп жатыр. 1999 жылы кеңеске 15 мемлекет мүше болса, Астанада өткен саммитте кеңеске 28-інші болып Кувейт қосылды. Айтпақшы, Кеңес консультативтік органнан халықаралық ұйымға айналуы тиіс. Оның трансформациясы туралы Астана мәлімдемесі қабылданды. Данияр Қайыртайдың материалы.

Данияр Қайыртай, тілші:

Бір ай бұрын БҰҰ Бас ассамблеясының 77-ші сессиясында сөз алған Қ.Тоқаев «қазан айында араағайындық пен бітімгерлікке атсалысу мақсатында Астанада өтетін Саммитте Азия кеңесі толыққанды халықаралық ұйымға айналады деп үміттенеміз» деген еді. Саммит өтті. Кеңестің Халықаралық ұйымға айналудың бастауы болатын трансформациясы жарияланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мүше мемлекеттер қазірдің өзінде Азия кеңесінің іс-жүзінде ұйым ретінде жұмыс істеп жатқанын бірнеше рет талқылады және солай екеніне келіседі. Біз жаңа ұйым құрмайтынымызды, керісінше институционалды дамудың жаңа кезеңіне өтіп жатқанымызды атап өткім келеді.

Трансформация жөніндегі Астана мәлімдемесінде Азия кеңесі біртіндеп, кезең-кезеңімен халықаралық ұйым болып қайта құрылатыны жазылған. Сонда Кеңестің ұйымнан айырмашылығы неде?

Айдар Құрмашев, Халықаралық саясат сарапшысы:

Кеңес кезінде, мысалы, үлкен, жалпылама сұрақтар тұратын және онда сенім шараларының каталогы болатын. Мысалға ол каталогтың ішіне ондаған шаралар кірсе де кейбір мемлекеттер біреуін не үшеуін таңдауы мүмкін. Ал қалғандары он шақтысын таңдауы мүмкін. Енді ұйым болған кезде ортақ шешімдер қабылдау мүмкіншілігі пайда болады.

Сол ортақ шешімдерге келу қиын болғандықтан осы жолғы Саммитте Кеңес бірден ұйымға айнала алмаған сияқты. Тіпті Украинадағы соғыс секілді геосаяси ахуалға қатысты да біркелкі пайым жоқ. Саммитте бұл мәселені Түркия басшысы ғана көтеріп, Украинадағы қантөгісті тоқтату қажеттігін айтты.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Украинадағы дағдарыстың салдарын аймақтық және жаһандық деңгейде көріп отырмыз. Әділ бейбітшілікті дипломатия арқылы орнатуға болатынын үнемі айтамын. Соғыста жеңімпаздар жоқ және әділетті бейбітшілік орнағанда жеңілгендер болмайды. Екінші жағынан, соғыстың жағымсыз салдарын жою жөніндегі біздің БҰҰ-мен бірлескен күш-жігеріміз бүкіл әлемде мойындалды.

Ердоған осы бағыттағы жетістігі ретінде Қара теңіз арқылы Украина астығын экспорттау мен өткен айдағы тұтқын алмасуды атап өтті. Әлемдік геосаясатта күйіп тұрған осы мәселені Түркия президентінен басқа ешкім неге айтпағынын халықаралық саясат сарапшы өзінше болжайды. «Біріншіден, бұл Азиядағы ахуалды талқылайтын кеңес» деді. Ал екіншіден:

Думан Жекенов, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің деканы:

Азияның кейбір үлкен мемлекеттері мүдделі болуы да мүмкін, соғыстың ұзақ созылуына. Яғни тараптардың әлсіреуіне. Азия 21 ғасырда менің уақытым келеді деп отырса, «қай жеңгенің менікі, мейлінше әлсірей түсіңдер» деген позицияда отыруы мүмкін. Бірақ мұны, әрине, ешкім ресми позицияда айта алмайды. Ешкім соғысты жақтамауы да керек, логика бойынша.

Түркия Астанадағы саммитте Украина дағдарысы бойынша өзінің медиатор рөлін бекемдеп жатқанда, континенттің басқа бөлігінде НАТО елдерінің Қорғаныс министрлері де бас қосқан еді. Олар Украинаға қару-жарақ жағынан және гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыруға келісіпті.

Думан Жекенов, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің деканы:

Тура сол күні Брюссельде НАТО-ның мүше мемлекеттері кездесті. Олар да соңғы Украинаның қалаларына үздіксіз жасалған шабуылдарға байланысты қандай қадамдарға барамыз немесе Ресей-Украина қарым-қатынасын реттеу үшін не істей аламыз деп НАТО да жиналып жатты.

Ресей Президенті де Украина тақырыбын айналып өтті.

Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

Президент Путин өзінің Украинадағы соғысының Азиядағы көп елдер қолдамайтынын біліп жатыр. Мысалы, алдында ШОС саммитінде бұл сұрақты Сиге де айтқан еді, Индия президенті Модимен сөйлескенде де айтқан. Бірақ екі елдің басшылары да қолдамады. Сондықтан осы CICA форматында басқаша риторика естідік Путиннен.

Басқа риторикасы сол – Путин аймақ үшін әлі де қатер саналатын Ауғанстан мәселесін көтерді.

Владимир Путин, Ресей федерациясының президенті:

Мұнда 20 жылдан артық уақыт әскери операция жасаған АҚШ пен НАТО-ның саясаты сәтсіздікке ұшырағаннан кейін Ауғанстан лаңкестік қауіпке байланысты мәселесін өзі шеше алмайтын елге айналды. Ауғанстандағы жағдай реттелуі үшін күш біріктіруіміз керек. Бірақ алдымен басқыншылық кезінде келтірілген шығынды өтеп, заңсыз бұғатталған ауған қаражатын орнына келтіруді талап етуге шақырамыз.

Ресей секілді санкция құрсауында қалған Иран президенті де АҚШ бастаған ұйымдасқан Батысқа шүйліге сөйледі.

Ибрахим Раиси, Иран Ислам Республикасының президенті:

Иран экономикалық терроризмді айыптайды және онымен күреседі. Бұл – өзара ықпалдастық пен бірлескен жауапты қажет ететін ортақ қатер. Сондықтан оған қарсы күресте өңірлік тетік керек. Азия кеңесіне мүше елдер арасында сауда байланысын аймақтық валютада орнату аса маңызды.

Әзербайжан президенті Арменияның Таулы Қарабақта 30 жылға жалғасқан басқыншылық әрекетін сынап, шиеленіс соғыстағы жеңіспен тоқтатылғанын айтты. Әйтсе де әскери арандату әрекеттері әлі де жалғасып жатыр деді, қыркүйектегі қақтығысты еске салып.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының президенті:

Армян басқыншылығы кезінде біздің қалалар мен ауылдар, мәдени және діни ескерткіштер, мешіттер әдейі бұзылды, тоналды. Мешіттер, тіпті, мал қора ретінде пайдаланылды. Армения қоғамы тарапынан 30 жылда осы вандализмді айыптап, наразылық танытқанын байқамадық. Керісінше, вандалдар мен әскери қылмыскерлерді қолдап, мадақтап отырды.

Алқалы жиында отырған кей мемлекеттер басшылары бірін-бірі кінәлай сөйледі. Пәкістан премьер-министрі Кашмирдегі кикілжің үшін Үндістанды айыптады.

Шахбаз Шариф, Пәкістан Премьер-министрі:

Біз барлық елмен, оның ішінде Үндістанмен де, бейбіт қарым-қатынаста болғымыз келеді. Бірақ Үндістан өзі басып алған Кашмир аумағында зұлым әрекетін тоқтатпайынша бұл қиял болып қала бермек.

Ал Палестина президенті келіссөздерге қарамастан оқтын-оқтын шабуыл жасап тұратын Израиль тарабын жазғырды.

Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері шекарасындағы шиеленістері туралы үндемеді. Өзара келісімге келген сыңайлы.

Қазақстан Президенті геосаяси ахуал күрделенген тұста «халықаралық қатынастардағы тұрақтылыққа қол жеткізу» керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгін біз бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс пен әлемдік экономикадағы күшейе түскен дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Бұл құбылыс қазірдің өзінде «жаһандық дисфункция» деп аталды. Менің ойымша, көпжақты механизмдерге тың серпін беру және ашық диалогқа оралу аса маңызды.

Осы Саммитте Кеңеске Кувейт қосылды. Енді құрамында 28 ел бар. Ал Еуразия экономикалық одағы Азия кеңесінің серіктесі атанды. Сосын Кеңестің жобаларын жүзеге асыру үшін арнайы қаржы қоры құрылды. Одан бөлек, Кеңеске алдағы екі жыл қайтадан Қазақстан төрағалық ететін болып келісті.

Данияр Қайыртай




Хабарламаларға жазылу