Президент биылғы жолдауда қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасауды ұсынған еді. «Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайтыны түсінікті. Сондай-ақ, лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жолдаудан бері 1 ай өтті. Ал амнистияға кімдер ілігетіні жайлы әлі де белгісіз. Бас прокуратура арнайы заңның жазылып жатқанын айтты. Құқық қорғау органы ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуды ұсынып отыр. Ал ауыр және аса ауыр қылмысқа барғандардың жаза мерзімі қысқартылуы мүмкін. Бірретік рақымшылыққа 1,5 мың жарым адам ілігеді деген болжам бар. Құжат 14 қазанға дейін талқылануы тиіс. Ал қаңтар оқиғасынан кейін қамалғандардың жақындары осы заңды үлкен үмітпен күтіп отыр.
Дауылпаз Бекжановтың 24 жастағы ұлы 8 айдан бері түрмеде отыр. Ол қаңтар оқиғасы кезінде алаңға шыққандардың бірі.
Дауылпаз Бекжанов, қала тұрғыны:
Алаңға шыққаны рас. Оны мойындайды. Жұрттың бәрі кетіп бара жатыр. Өздерің көрдіңдер ғой. Бүкіл қала жүрді. Бүкіл Қазақстан шықты. Дұрыс па? Көше арасында кетті ғой. Көптің бірі болып.
Дауылпаз Бекжанов ұлым бостандыққа шығып, өз отбасына, жары мен қызының қасына келсе екен дейді. Сол үшін күресіп жүр. Прокурор 15 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған. Бірақ, ол ұлының ақталып шығарына, рақымшылыққа ілігеріне үмітті.
Дауылпаз Бекжанов, қала тұрғыны:
Президент тапсырмасын берді. Енді содан, балам, үміттеніп жүрмін, ақталып шығады деп. Болды, одан басқа не істейміз енді?! Үміт, үміт, үміт.
Рақымшылыққа үміт артып отырғандардың тағы бірі қоғам белсендісі - Ерғали Көлбаев. Ол да қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген айыппен 5 айға жуық тергеу изоляторында болған. Сот үкімімен 4 жыл шартты түрде жазаға тартылған.
Ерғали Көлбаев, қоғам белсендісі:
Қаңтар оқиғасын ұйымдастырған біз емес. Ұйымдастырушылар басқа азаматтар болды. Өздері жауап беріп жатыр заң алдында. Егер де рақымшылық жасалып жатса әрине біз ақталып, елге, халыққа жұмыс істегіміз келеді.
Мемлекет басшысы биылғы жолдауда мәлімдегендей, бір реттік рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайды. Ал, кімдерге және қандай жеңілдік жасалатыны арнайы заң жобасында нақты көрсетіледі.
Әсет Шындалиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
Рақымшылық теріс қылық бойынша, орташа ауыр, ауыр емес қылмыстар бойынша жауапкершіліктен босатуы мүмкін. Ал, ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша тек ғана жазаны төмендетеді. Қаншаға төмендейтіні заңда белгіленеді.
Еліміздің бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев қазір құзырлы органдар мен арнайы комиссия өкілдерінен ұсыныстар қабылданып жатқанын, рақымшылыққа ілінетіндердің нақты тізімі әлі шықпағанын және күн сайын мәліметтер ауысып жатқанын айтты.
Дегенмен, бас прокуратура тарапынан 23 қыркүйекте «Ашық нормативтік-құқықтық құжаттар» порталында жарияланған мәліметке сүйенсек, 1,5 мыңнан аса адам амнистияға ілінуі мүмкін. Ал, Абзал Құспан қаңтар оқиғасында арандап қалған азаматтар көп дейді.
Абзал Құспан, «Аманат» комиссиясының төрағасы, адвокат:
Бұл жерде шын мәнінде абайсызда арандап қалған азаматтардың үлес салмағы басым боп отыр. Бірақ, кейбірінің жасаған ісі қылмысқа жатуы мүмкін. Мысалға, қару ұрлағандар да бар. Олардың ішінде кәмелет жасқа толмағандар да бар. Олар бір қылмыскер болғаннан барды деп есептемеймін.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым рақымшылық туралы заң жобасы қысқа және шағын болады деп отыр.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қазір бас прокуратура дайындап жатыр. Заң өте шағын ғана болады. Оның ішінде болған жағдай, Президенттің тапсырмасы, қандай баптар, қандай тәртіппен босатылатынан азаматтардың статиялары көрсетіледі. Бір-бір жарым беттік шағын заң болатын шығар. Заңгерлер жұмыстанып жатыр. Парламентке түскен бойда, Президенттің нақты тапсырмасы бар, біз оны тез арада қабылдайтын шығармыз.
Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері жазасын өтеушілерге қатысты 9 рет амнистия жасалған. Сол уақыттарда 50 мыңнан аса адам бостандыққа шығып, 10 мыңнан астамының жазасын өтеу мерзімі қысқартылған. Бұған дейін рақымшылықтың тең жартысы тәуелсіздік күніне арналған еді.
Абзал Құспан, «Аманат» комиссиясының төрағасы, адвокат:
Тәуелсіз Қазақстан тарихында дәл осындай оқиға, ситуацияға байланысты рақымшылық жасау туралы заң бұрын-соңды шығып көрген жоқ. Сол себепті, бұл заң жобасына барлық азаматтар атсалысуы керек. Дәл қазір біз нақты ережесін талдай алмаймыз. Өйткені, жоба күйінде әлі жоқ ол. Біздің тараптан, басқа тараптан барып жатқан ұсыныстар ғана бар. Заң жобасы мынандай болсын, мынандай болсын деген, көрдіңіз бе. Міне, осы бір апта, он шақты күннің турасында менің өзімнің ойымша заң жобасы дайын болып қалуы керек.
Бас прокуратураның тамыз айында берген мәліметіне қарағанда, қаңтар оқиғасы бойынша елімізде тергеу органдары 5 300-ден астам қылмыстық істі тіркепті. Олардың басым көпшілігі – ұрлық, тонау, қару сақтау және өзге де қылмыстар. Тергеу амалдарын жүргізу үшін барлығы 1 237 адам күдікті ретінде қамауға алынған.
Азамат Бейбітұлы