АҚШ-та «Ян» дауылынан қаза тапқандардың саны 80 адамға жуықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та «Ян» дауылынан қаза тапқандардың саны 80 адамға жуықтады

03.10.2022

АҚШ-та «Ян» дауылынан қаза тапқандардың саны қазірдің өзінде сексен адамға жуықтады. Бірақ бұл тізім әлі де өсуі мүмкін. Себебі, табиғи апат кезінде мыңдаған тұрғын хабар ошарсыз кеткен.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Дауыл елдің оңтүстік-батыс жағалауындағы үш штаттың үстімен өтіп, мыңдаған тұрғын үй мен өзге де нысандарды қиратты. Табиғи апаттан келген шығын шаш етектен. Қазірдің өзінде 840 мыңдай үй мен нысанға зақым келгені айтылып жатыр. Әсіресе Флорида штаты қатты зардап шеккен. Көп жерді тасқын су басып, байланыс үзілген. Сондықтан тұрғындарды құтқару үшін көмекке әскер жұмылдырып, тікұшақтар тартылып жатыр.

Рики Андерсон:

Бізге көмек беріле ме? Өзіңіз айналадан көріп тұрғандай ештеңе қалмады. Жарық жоқ, байланыс жоқ. Барар жерім де жоқ.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Ал, қаза тапқандардың саны едәуір өсуі ықтимал. Себебі, тасқын су басқан жерлерге құтқарушылар әлі толық жеткен жоқ. Оның үстіне Флоридаданың өзінде он мың адам хабар-ошарсыз кеткен. Себебі, электр бағаналары құлап, 2 миллионнан астам тұтынушы жарықсыз қалған. АҚШ президенті бірер күнде осы шататқа арнайы барып, зардап шеккен аудандарын араламақ.

Джо Байден, АҚШ президенті:

Флоридадағы жағдай әлдеқайда ауыр. Біз сол қираудың ауқымын енді ғана көре бастаймыз. Ұлт тарихындағы ең сұрапылы болуы мүмкін. Үйлер мен мүліктер қирады. Қайта қалпына келтіру үшін айлар тіпті жылдар қажет.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Ата кетейік, сағатына 240 шақырым жылдамдықпен соққан дауылдың әсерін Флоридадан шамамен мың жарым шақырым біз тұрған жер Вержиния штаты да сезді. Бірнеше күн қатарынан тоқтаусыз жаңбыр жауып, салдарынан алты мыңға жуық нысан жарықсыз да қалды. Осы бірер сағат бұрын ғана жаңбыр тоқтап, жел басылды.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу