Елде ассортимент тапшылығы байқалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде ассортимент тапшылығы байқалады

02.10.2022

Батыстың Ресейге салған санкциялары Қазақстан экономикасына да кері әсер ететіні геосаяси ахуал қиындағалы айтылып келеді. Енді сезіне бастадық. Сауда желілері кей тауар түрлері жеткізілмей жатқанын айтады. Тұтынушылар да дүкен сөрелерінен ассортимент тапшылығын байқаған. Әсіресе, тұрмыстық химия өнімдері жетіспейді. Импортқа тәуелдігіміз аздай, сырттан келетін тауарды Ресей арқылы тасымалдап келдік. Сауда желілері одағының дерегінше, бұрын Қазақстанға әкелінетін тұрмыстық химияның 60 пайызы Ресей өнімі еді, ал қалған 40 пайызы көрші ел арқылы жеткізілген Еуропа өнімі болатын. Енді сауда орындары басқа жол, балама өнім іздеп әлек. Тақырыпты Данияр Қайыртай зерттеп көрді. 

Азық-түлік сөрелері бос емес. Бірақ кейбір тауардың түрі азайған. Ал кей бренд мүлдем жоқ.

Гүлнұр Фахрединова, саудагер:

Менде көбінесе сыр. Түрі азайып қалды. Алдында біз 5 фирмамен жұмыс істесек, қазір 1-ақ фирмамен жұмыс істейміз.

Ассортимент тапшылығы, әсіресе, тұрмыстық химия өнімдерінен қатты байқалады. Мысалы, бұрын мына тіс пастасының 36 түрі болатын дейді сатушылар. Қазір амалсыздан сөреге бір-ақ түрін самсатып қойған.

Артем Крылов, «Magnum» сауда желісінің pr-менеджері:

Азық-түлікке жатпайтын тауарды, яғни тұрмыстық химия өнімдерін алмастыру өте қиын. Себебі Ресейден келетін импортқа тәуелдіміз. Бірақ балама өнімдерді Еуропадан, Түркиядан әкелуді ойластырып жатырмыз. Бірақ ол қымбатырақ болады.

Тағы бір супермаркетке бардық. Онда да негізінен шаруашылыққа қажет тауардың тапшылығын айтты. Кір жуатын ұнтақ, шаш пен дене күтіміне арналған заттардың кейбір түрі жеткізілмей жатыр дейді.

Асылбек махумдолда, «galmart. Keruen city» супермаркетінің директоры:

Тұрмыстық химия, косметика секілді тауарлардың жетіспеушілігі байқалады. Хенкель деген бар, тұрмыстық химия. Осы тауардың 40 пайызға төмендеуін байқаймыз. Қазіргі уақытта 60 пайызы ғана жеткізілуде. Осындай жағдайлар бағаға әсер етеді. Тауарлардың қымбаттауы, әлбетте, байқалады.

Сол қымбатшылықтың кесірі шығар, сатып алушылар азырақ сауда жасайтын болған дейді супермаркет мамандары. Әрі тауардың арзанырақ түрін таңдайтын болыпты. Тұтынушылардың көбі ассортимент тапшылығын да байқаған. Ал кейбірі тауар түрін талғамайтынын айтады.

Расында, тапшылық дәрі-дәрмек нарығында да бар екен. Кейбір сұранысқа ие әрі салыстырмалы түрде арзан дәрілер қат. Сөрелерден жоғалып кеткен не азайып бара жатқан препарат түрі көп дейді Тәуелсіз дәріхана иелерінің қауымдастығындағылар.

Талғат Омаров, Тәуелсіз дәріхана иелері қауымдастығының жетекшісі:

Олардың тізімін берсем, 80-нен асып кетеді. Аналог көбіне табуға болады. Бірақ 1-2 дәрі бар, оның аналогы жоқ. –Сонда науқастар не істеп жүр?-Шет елден іздеп тауып жатыр. Немесе ішпейді.

Тұрмыстық техника мен электроника да сырттан тасымалданады. Бірақ соның саудасымен айналысатындар қиындықтарға қарамастан, тауар жеткілікті етіп әкелініп жатыр дейді.

Максим Зайцев, «Technodom. Mega silkway» дүкенінің директоры:

Ресейден тауар жеткізу қиындағалы біраз болды. Мәселені шешу үшін өндірушілер мен дистрибьюторлар техниканы басқа жолдармен жеткізіп, амалдап жүр. Сондықтан, жалпылай алғанда, дүкенде ассортимент тапшылығы жоқ деуге болады.

Мәселеге қоғам назарын аудартқан Сауда желілерінің одағы еді. Олар тауарлардың ассортименті тапшы болса да, жаппай дефицит болмайды дейді.

Елбегі Әбдиев, Сауда желілері одағы төрағасының орынбасары:

Мысалы, иә, бұрын 10 түрлі сабын бар еді, қазір 6-7 түрі қалған шығар. Бірақ ол жеткілікті. Дефицит болмайды деп ойлаймын. Тұрмыстық химиялық заттар деп айтады ғой, сол жақта ассортимент 30-35 пайызға азайған. Соған байланысты тұрмыстық химияның көбісі Еуропадан әкелініп жатыр, Ресей арқылы емес, басқа канал бойынша.

Басқа каналдар іздестіруге Сауда министрлігі де көмектесіп жатыр.

Ержан Қазанбаев, ҚР СИМ сауда комитетінің төрағасы:

Қазір бірнеше сауда желілерімен сөйлестік, олар Түркия және Кореядан азық-түлікке жатпайтын, қағаздар, порошок дейміз, соларды жеткізуге жаңа контракттар жасайын деп жатыр. Соған біз өз шеңберімізде көмектесейін деп отырмыз. ҚТЖ бізге көмектеседі, бір жағынан.

Ал экономист бір импорттың орнын екіншімен алмастырғаннан ұтарымыз аз дегенді айтады. Одан да Ресейден кеткен трансұлттық компаниялардың Қазақстанға қоныс аударуына жағдай жасау қажет деп отыр.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Бұның біздің экономикаға ешқандай да пайдасы жоқ. Біз осы тапшылықты жоюға ғана қаражат бөлумен айналысамыз. Сондықтан қазір ең ірі макроэкономикалық саясат – Қазақстанның Орталық Азиядағы сауда-экономикалық хабқа айналуы және екіншіден, өзіміздің химия өндірісі болсын, азық-түлік және басқа да тауарлардың 50 пайыздан астамын өзімізде өндіретін өндіріс ошақтарын қалыптастырсақ қана осы тығырықтан шығамыз.

Данияр Қайыртай, тілші:

Солтүстігіміздегі көрші елден тауар тасу қиындап жатыр десек те, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бірінші жартыжылдықта Ресей импорты 7 пайызға өсіп, 8,3 млрд долларға жеткен. Бірақ бүкіл импорттағы үлесі сәл болса да азайған – 38,5 пайыз болыпты. Былтыр 40,8 пайыз еді. Демек өзге елдерден әкелінетін тауар көрсеткіші азғантай артқан.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу