Биыл түркістандық мақташылар өнімін өткізе алмай шырылдап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл түркістандық мақташылар өнімін өткізе алмай шырылдап отыр

25.09.2022

Биыл түркістандық мақташылар өнімін өткізе алмай шырылдап отыр. Әкімдік мақтаның 1 тоннасы 374 мың теңгеден сатылсын деп баға белгілегенімен, жекеменшік зауыттар оның құнын тоннасына 200 мың теңгеден асырмай отыр. Неліктен? Түркістандағы тілшіміз Айнұр Ақбаеваның материалы. 

Айнұр Ақбаева, тілші:

Оңтүстікте жаппай мақта терім науқаны басталғанына екі аптадай болды. Алайда ала жаздай еңбек еткен шаруалардың биыл көңілі күпті. Мақтаның бағасы күткендегіден төмен. Төккен тер мен кеткен шығынды да ақтамайтын түрі бар.

Жетісайлық шаруалардың бірі Кенжебай Бектенов 100 гектардан астам жерге мақта еккен. Айтуынша, биыл оңайға соқпады. Минералды тыңайтқыш, жанар жағар майдың да бағасы шарықтап кеткен. Ауылшаруашылығы техникасын жалға алу құны болса, екі есеге өскен.

Кенжебай Бектенов, шаруа:

Жер айдату 18-20 мың теңгеден басталды. Мына суымыз біздің ағын су 5 мың теңге гектарына. Ол жылда 2 мың тұғын. Содан кейін мынау солярка қымбат. Солярка қымбат болғаннан кейін техника қымбат жұмыс істеуге. Осы екі жыл бұрынғыдан үш есеге өсіп кетті. Мына қол күші де қымбаттап кетті. Ойбай гектарына 30 мыңнан шапқыздық. Ол не деген масқара.

Өңірде мақта еккен шаруалар биыл шығынға шаш етектен баттық дейді. Себебі, бұған дейін әкімдік мақтаның 1 тоннасы 374 мың теңге деп белгілегенімен, жекеменшік зауыттар оның құнын тоннасына 200 мың теңгеден асырмай отыр. Ал, мақтаны еккенде де, өсіргенде де зауыттан ақша алып жұмсаған диқандар амалсыздан соларға өткізуге мәжбүр боламыз, әрі айтқандарына көнеміз деп налиды.

Абдулла Мейірбеков, шаруа:

Былтыр 330-350-ден баға шыққан, нарық. Біз соған есептедік. Біз соған болады деп алдық ақшаны зауыттардан. Бірақ оған жетпей отыр. 250 ден дейді ары барса. Енді біз 250 ден өткізетін болсақ, қарыз боламыз. Ал, мынау жан жақтан ізденіп, Өзбекстанды, Қырғызстанды қарап жатсақ, ол жақта 500-дің үстінде, 450-ден баға шығып қойған.

Төрехан Нұрлыбеков, шаруа:

Жылда осы, бірақ биыл шарықтау шегіне жетті. Қозғала алмай қалдық. Бұл біздің мына диқандардың жанайқайы. Тыңдайтын адам жоқ, Біз ақырында түсінгеніміз, мақташы қауым біз ешкімге керек емес екенбіз. Біз мемлекетке де керек емес екенбіз.

Күнкөрісін осы мақтадан тауып отырған Жетісай, Мақтаарал мен Шардара аудандары диқандарының бұлайша шырылдауына негіз бар. Ерте көктемнен еңбек еткендер бар тапқан таянғанын өнім алуға жұмсаған. Бір гектар жерді жыртып, суару мен мақта егуге, дәрі себу мен оны өсіруге миллиондаған қаражат жаратқан. Әр гектарға кеткен шығын 500 мың теңгеге жуықтаған. Кейбірі, тіпті, ақшаны несиеге алып, қорасындағы соңғы малын сатқан. Бірақ бағаның төмендеп кетуі үмітті ақтамай қалған.

Бақыт Сейсенбеков, шаруа:

Селитра 110-нан келді. Оны алатыны алды, алмайтыны ала алмады. Отыз процент ақ алды. Қалғандары рыночный ценамен 200-ден сатып алды. Кешікті. Зауыт тоқтап қалды деді. Ақтаудан келмей жатыр деді. Докумен қабылдамай жатыр деді. Мына солярка да қиын болып жатыр. Солярканың өзі 450 теңге қазір. Шөпті қурататын дәрілердің өзі 120-110 мың теңге. Солар қырық мың теңге тұратын еді солар.

Базарбек Қыдырбеков, шаруа:

Мысалы мен өзім шаруа қожалығының гос актісін тігіп, зауыттан 5 млн 500 мың ақша алдым. Оны алмасам шығын басқа өнім өнгенше. Ертең мен бес млн ды төлеймін ба, жоқ әлде бала шағама беремін ба. Алдымызда қыс келе жатыр. Көмір керек басқа керек дегендей. Не болмаса шекараны ашсын, өткізейік сол жаққа барып. Бізге қабылдамайды екен, бізді апарып зауытқа аяқ қолымызды матап бергенше. Не болмаса мемлекет көңіл бөлсін. Субсидия берсін немесе.

Тағы бір қиын мәселе Мырзашөл өңірінде тік дренаждар бұрынғыдай толыққанды жұмыс істемейді. Жер эрозияға ұшырап, жыл өткен сайын азып, тозып барады. Тұрғындар егістік жерлерге басқа дақылдар егейін десе сорланып кеткендіктен өнім бермейді дейді. Бұрынғыдай мақтаның әр келісіне субсидия берілмейді. Ал, мемлекет миллиардтаған қаражатқа салып берген мақта қабылдау зауыты біраз жылдан бері банкротқа ұшырап, арзанға сатылып кеткен. Бәсекелестік болмаған соң, қазіргі кәсіпкерлер білгенін істеп жатыр деп ашынады.

Марат Бұхаров, шаруа:

Барлығы қарызға белшеден батып кеткен. Сататын малы да қалған жоқ. Аш, біреулер әлі мектепке балаларын алып бара алмай отыр. Киім кигізе алмай отыр адамдар бар. Өйткені неге, барлығы сол жерге әкеліп салаған ақшасын. Не істеу керек енді мұны кімге айтамыз. Кімге айтамыз бұл зарымызды.

Шыдамы таусылған шаруалар егістіктерін тастап, Түркістанға келді. Барлығының талабы біреу, бағаны көтерсін дейді. Олардың айтуынша, барлық зауыт қожайындары өзара келісіп бір бағаны белгілеп, көтермей қояды.

Сәбит Мәкиев, шаруа:

Келісімшартта жазылғаны бір жақты қазақша айтқанда. Тек зауыттың мүддесіне жазылған ол договор. Жаңағыдай шаруа құтыла алмай қалса, мынанша пайыз, ол бір айға созылса елу пайыз. Сен центнер бермесең мынандай қыламыз, Обшым шаруаларды іліп қойған да. Ол жерде ешқандай айтылмаған құқығы диқанның. Ол олиграхтар бар нәрсені көтеруге рұқсат бар да, оларға үкімет ештеңе дей алмайды, жекеменшікке. Ал, біздің мақтаны алатын кезде, олар бағаны түсіре береді. Оған ештеңе демейді ма? Солярка, селитра барлығы көтерілді. Неге солярканы түсірмейді бізге, тыңайтқышты неге түсірмейді.

Шаруалар жаппай наразылық білдірген соң, ауылшаруашылығы саласына жауаптылар бағаның төмендігін түсіндіруге тырысты. Бұған дейін мақтаны алып жүрген шетелдіктерден биыл сұраныс жоқ көрінеді. Өткен жылы Түркияға 17 мың, Ресейге 13, Қытайға 9 мың тонна мақта жөнелтілген. Ал биыл Түркия, Ресей мен Қытайдағы алпауыт компаниялардан сұраныс түспепті. Ал әкімдік оларға ықпал да ете алмайды, бағаны да белгілей алмайды деп отыр.

Тұрғанбек Оспанбеков, Түркістан облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы:

Ресейдің болып жатқан санкциялары барлық логистика сонымен кетеді. Сондықтан сол жақтан алатын қазір оларға қымбаттау болып жатыр. Бұрын 300-350 болатын болса жолына қазір 450-ге дейін көтеріліп жатыр. Міне осындай келеңсіз нәрсе болып жатыр. Бұл енді бұл нарық. Оны мен определить ете алмаймын. Или басқа неғылмайды, бұл нарық.

Яғни, Ливерпуль биржасында баға белгіленгенімен трейдерлік компаниялар мақтаны тиімді жақтан алуды жөн көреді. Ресейге санкция салынғаннан кейін Молдова, Латвия сияқты елдер тасымалды қымбатсынып қалған. Бұл жағдай қыркүйек айының соңына таман шешілуі мүмкін дейді сала басшысы. Өйткені сол кезде трейдерлік компаниялар облысқа келуі тиіс. Ал, облыс әкімі Дархан Сатыбалды болса апта соңында мақта өңдеу зауыттары басшыларымен және халықаралық трейдер компания өкілдерімен кездесті. Онда мақта қабылдау зауыттарының жұмысына сын айтып, заңбұзушылық әрекеттерді құзырлы органдар бақылауға алсын деп тапсырма берді. Кәсіпкерлерді ортақ келісімге келуге шақырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:

Таразыдан алдайды дейді. Таразы қабылдаған кезде жүз келі болса, одан төмендетіп алады дейді. Екінші сапасын түсіріп жібереді дейді. Анализ, лабороторияларды дұрыс шығармайды дейді. Ылғалдығы жоғары, тағы бірдеңке деп, мыіне осы құзырлы органдарды осы мәселеге назар аударуға шақырдым. Сіздер өйткені халықтарды алдап жатса, бағанығыдай, таразыдан, басқадан. Ол жерді біз қазір сіздермен бірге шешіп алу керекпіз. Мұндай жағдайларға жол берілмеу керекпіз.

Жалпы өңірде 21 мақта өңдеу зауытының 200-ден астам мақта қабылдау бекеті бар. Олар жоғары баға қою қаржылық жағынан қиын соғады деп отыр. Сондықтан әзірге тек 250 теңгеден алдын ала төлем төлеуге келісті.

Болат Жүсіпов, Қазақстан мақта қауымдастығының төрағасы:

Былтыр мысалы осындай уақытта индекс 160 болса, қазір бүгінгі таңға 114 болып тұр. Индекстің де бағасы төмен болып тұр. Сол себепті бағаның шыға алмай жатқаны да сол. Трейдерлер де әлі келмей жатыр жақы. Зауыттармен келісім шартқа отырып жатқан жоқ. Егер мировой рынокта индекс көтеріліп бастаса, мақта бағасы көтерілсе, конечно ары қарай көтеруге мүмкіндік беріледі.

Халықаралық статистикаға сүйенсек, биыл дүниежүзінде мақта 30 пайызға қымбаттаған. Себебі бірқатар елде құрғақшылықтан мақта шықпай қалды. Мәселен, мақта өндіруден алдына жан салмайтын үндістандықтардың өзі оны шетелдерден алуға мәжбүр. Аптап ыстықтан АҚШ-та мақта өндірісі 28%-ға, ал Бразилияда 30%-ға төмендеген. Ресми дерек осылай дейді. Қазақстан дайын өнімді одан әрі өңдеуге қауқарсыз болғандықтан, Ливерпуль биржасына тәуелді. Яғни, мақта құны қандай болатынын шетелдік биржа мен бәсекелестік ортаға шешіп отыр.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу