Жамбыл облысындағы 79 шаруа қожалығына мемлекеттен субсидия уақытылы берілмей келген. Прокуратура жүргізген тексеру барысында осындай деректің беті ашылды. Былтыр өтініш берген кәсіпкерлер, қолдау қаржыны биыл көктемде ғана алыпты. Шаруалар болса салғырттықтың салдарынан ісіміз тұралап, мал азығын даярлауға кешігетін болдық деп налиды.
10 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысатын Айдар Алиев соңғы жылдары субсидия арқылы төрт түліктің жем-шөбін қамтамасыз етіп шаруасын ширатып жүрген. Алайда былтырдан бері бұл қаражатты алу мұңға айналған. Жауапты мамандар құжатың толық емес деп әбден әбігерге салыпты.
Айдар Алиев,шаруа қожалығының басшысы:
2021 жылы субсидия үкіметтен берілген жеңілдетілген ала-алмай жүрдік. 2022 жылдың жарты жылдығынан кейін әрең дегенде қол жеткіздік. Аудандық прокуратураға жүгініп, сол кісілердің көмегімен қол жеткіздік.
Облыс бойынша 79 қожалық осыған ұқсас мәселемен құзырлы органға жүгінген. Басым бөлігі Шу ауданында тіркелген. 60 кәсіпкерге негізсіз анықтама беріліп, өтініштері қараусыз қалыпты. Арнайы тексеру жүргізген прокуратура ауылшаруашылығы мамандарының заңбұзушылыққа жол бергенін анықтаған.
Секер Бүркітбаев, Шу ауданының прокуроры:
Субсидияға тапсырған 262 кәсіпкердің 60-ның шешімдері негізсіз қанағаттандырусыз қалғаны анықталды. Қабылданған шаралар нәтижесінде 60 шаруақожалық тиісті 123 млн теңгені құрайтын субсидия толығымен төленді.
Субсидияның уақытылы берілмеуі шаруалардың құжаттарды дұрыс өткізбеуінен орын алып отыр дейді, Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары. Бұдан бөлек қаржының бөлінгені мен өтінімдердің уақытына байланысты да қиындықтар жиі туындайтын көрінеді.
Тұңғыш Жанұзақ, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы:
Ережеге қаншалықты құжаттары сәйкес келеді, келмейді. Осыған байланысты мониторинг жүргізіліп, жаңағы айтылған шаруа қожалықтардың құжаттары дұрыс еместігі анықталған. Жалпы енді 2020-2021 жылдардағы резервтегі шаруашылықтардың қаржылары толық өтеліп, субсидия берілді.
Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласына биыл 31 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның 11 миллиарды мал шаруашылығын дамытуға жұмсалмақ. Жыл басынан бері өңірде 3714 кәсіпкер субсидияға қол жеткізген.
Нұрдос Болатұлы