АЭС құрылысы: Үміт пен күдік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АЭС құрылысы: Үміт пен күдік

18.09.2022

Алдымен Атом электр станциясының құрылысына тоқталсақ. «Самұрық-қазына» басқармасының төрағасы Алмасадам Сатқалиев ядролық аралдың тасымалдаушысы Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея мен Франция компанияларының ішінен таңдалатынын мәлімдеді. Ал қондырғыларды жасайтын компаниялар тізімінде АҚШ, Қытай мен Оңтүстік Кореяныкі тұр. Яғни, үшеуінің біреуі Қазақстандағы АЭС құрылыс кезінде қондырғылармен қамтамасыз етуі мүмкін. Сатқалиев техникалық бақылаушы ретінде басымдық Францияға беріліп тұрғанын айтады. Өйткені өзгелерден тәжірибесі тиімдірек. Дегенмен, тоқетерін үкімет айтады.

АЭС – күрделі энергетикалық нысан, ауқымды жоба. Сондықтан халықтың күпті көңілін түсінуге де болады. Бірақ отандық энергетиктер бұдан басқа жол жоқ деп отыр. Өйткені газ тапшы, әрі Париж келісіміне сай Қазақстан 2060 жылға дейін көмірқышқыл газын ауағы бөлуді тоқтатуы тиіс. Оңғар Алпысбайұлы жалғастырады.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

Қазіргі уақытта 4 дамыған елдің технологиялары қарастырылып жатыр. Бұл: Франция, Ресей, Оңтүстік Корея мен Қытай.

Бұл төрт мемлекеттің АЭС салу тарихы, тәжірибесі мен технологиясы бөлек-бөлек. Қазақстан азаматтарын да алаңдататын қауіпсіздік, экология, коррупцияның болмауы, мемлекеттік бақылау сияқты бірнеше фактор бар. Бір репортажда ол аспектінің бәрін қамту мүмкін емес. Сөйтсе де... АЭС салудағы ең басты мәселе – қауіпсіздік. Өйткені, осыған дейін әлем бойынша реакторлардың 20-дан астам апаты болған. Себептері әртүрлі. Әсіресе Қазақстан халқы 1986 жылғы Чернобыльдағы жарылыс пен бертінгі Фукусима апатын жақсы біледі. Семей полигонындағы сынақтардың салдарын әлі тартып келе жатқандар да жетерлік. Сондықтан халықта заңды үрей бар. Қазіргі уақытта АЭС салған кезде, ол 9 балдық жер сілкінісіне, цунами деңгейіндегі апаттарға, сағатына 300 километр жылдамдықпен келе жатқан ұшақ құлағанға, өртке төтеп беретіндей қауіпсіздік талаптары қойылады. Ал ғылымда бұған дейін болған апаттардың негізгі себептері зерттелген. Соның нәтижесінде 3 - 3+ буындағы жаңа реакторлар пайда болыпты.

Асуан Сиябеков, «КАЭС» ЖШС Жаңа ядролық және энергетикалық технологиялар жөніндегі бас менеджері:

Яғни ол жерде радиактивті қалдықтар 3-3+та 0 ге тең.

Денис Зарва, ҚР Ұлттық ядролық орталығының өкілі:

Заманауи Атом электр станцияларында ең ірі деген апат болған күннің өзінде жақын жердегі тұрғындарды көшірудің қажеті болмайды.

Дамыған елдердің осындай тәжірибесі Қазақстан АЭС салған жағдайда ең басты ескеретін дүние. Өйткені, қауіпсіздік – ең принципті мәселе. Енді АЭС-тің экономикалық әсеріне тоқталайық. Кей мамандар Атом станциясы Қазақстанға тиімсіз деп те есептеп қойыпты.

Әсет Наурызбаев, энергетик:

Бүгінде баламалы энергия көздерінен алынатын қуаттың құны қосымша құн салығын қосқанда 14 теңге ғана. Қазір Түркияда салынып жатқан Ақкую станциясында киловаты 12,35 цент деп есептеліп отыр. Қосымша құн салығын есептемегенде 60 теңге шамасында. Яғни 5 есе қымбат. Осы бағамен есептейтін болсақ біз жылына электрэнергиясына 675 млрд теңге артық төлеуіміз мүмкін.

Бірақ, 1970 жылдардан бері АЭС салу мәселесін зерттеген Түркия үкіметі Ақкую стансасы мемлекет тұтынатын энергияның үштен бір бөлігін өндіреді. Экономика тұрғысынан өте арзан энергия көзі болады деген тоқтамға келген. Ал Қазақстан энергетика министрлігінің өкілдері «баға құрылыспен айналысатын компания анықталғаннан кейін алдын ала келісіледі. Оны есептеу кезінде Қазақстанның экономикасы, халықтың тұрмыс жағдайы толық ескеріледі», - деп отыр.

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы:

Бірінші жылдан бастап ол арзан болып кетеді деп айтуға болмайды. Оны біз ашық айтуымыз керек. Бірақ бұл атом электр станцияларының жұмыс істеу мерзімі 60-80 жылға дейін барады да сондықтан ұзындық көлемде алғанда Ол арзан электро энергия болады.

Қазір Қазақстан электроэнергияның 70 пайызын көмірден алып отыр. Алайда, Қазақстан әлемнің 197 елімен бірге Париж келісіміне қол қойған. Оған сәйкес мемлекет 2060 жылға дейін ауаға СО2 улы газын шығаруды доғаруы керек.

Марат Дұлқайыров, Қазақстанның инженерлер және энергетиктер одағының бас директоры:

Егер біз конвенция шарттарын орындауды бастамасақ, 2,5 жылдан кейін трансшекаралық салық төлей бастауымыз мүмкін. Сондай-ақ, болашақта біз көмір станцияларын салуға қаржы таппай қалуымыз ықтимал. Ешбір инвестор әлемде тыйым салынған жобаны салуға ақша бөлмейтіні анық.

Қазақстанды баламалы энергиямен қамту да мүмкін болмай тұр. Соңғы 20 жылда өндірілген электр энергиясының тек 3,5 пайызы ғана жаңартылған энергия көздерінен алынған.

Марат Дұлқайыров, Қазақстанның инженерлер және энергетиктер одағының бас директоры:

Күн және жел энергиясы өте тұрақсыз. Оған барлық тіршілігімізді, экономикамызды байлап қоя алмаймыз. Сондықтан энергия көзі сенімді әрі тұрақты болуы шарт.

Қазір Қазақстанның АЭС-ті нақты мына елдің компаниясы салады, оның бағасы мынадай болады деген есебі жоқ. АЭС салудың өзі тұрмақ, оның дайындығы да ұзақ жылғы мәселе.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

Осы жылдың аяғына дейін келесі жылдың басына дейін технологияны таңдайтын болсақ зерттеуге біраз жылдар өтеді. 1-2 жылдай. Құрылыс ары қарай 7 жылдан 10 жылға дейін уақыт кетеді. Басқа сөзбен айтқанда осы жұмыстың бәрін атқаратын болсақ уақытымен бұл станцияны іске қосудың мерзімі 2032-2035 жылдар болады.

Яғни, атом электр станциясы іске қосылғанша қолда барды қажетімізге жарата тұру керек. Әсіресе газға басымдық беріледі. Ал, ауқымды жобаны жүзеге асыру мәселесі тағы да халықпен келісіледі деді энергетика министрі.

АЭС салудың еліміздің экономикасына мультипликативті әсері зор. Жаңа айтылғандай, АЭС-тің саяси, экономикалық, энергетикалық, қауіпсіздік мәселелері өте көп. Сол себепті «Апта» хабары АЭС тақырыбын үнемі назарда ұстайды.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу