Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші рет өтетін дін көшбасшылары құрылтайының мәртебелі қонағы, Рим Папасы Францискті елорда әуежайында өзі күтіп алды.
Қарсы алу рәсімі барысында мемлекет басшылары бір-біріне екі елдің делегация мүшелерін таныстырды. Содан кейін Қазақстан Президенті мен Католик шіркеуінің басшысы президенттік терминалдың Каминді залында қысқаша әңгімелесті. Рим Папасы Қазақстанда 15-ші қыркүйекке дейін болады. Ол осы уақыт аралығында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің ашылуына және пленарлық отырысына қатысады. Сондай-ақ кейбір басқа дін лидерлерімен бірқатар кездесулер өткізеді.
Елордада Рим Папасы Франциск мыңдаған католик дінін ұстанушылармен, соның ішінде Қазақстан астанасына арнайы келген халықпен дұға өткізеді. Сапардың соңғы күнінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің жабылуына және оның қорытынды декларациясының қабылдануына қатысып, Рим-католик шіркеуінің Қазақстандағы және көрші елдерден келетін дін қызметкерлерімен, монахтарымен және семинаристерімен кездеседі деп жоспарланған.