Утильалым: Елімізде 4 млн-ға жуық көлік тіркелген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Утильалым: Елімізде 4 млн-ға жуық көлік тіркелген

11.09.2022

Соңғы жылдары шетелден әкелінген автомобильдер көбейіп кетті. Ал оларды тіркеу қиын әрі қымбат. Осы проблеманы шешу үшін президент 1-қыркүйекке дейін елге әкелінген автомобильдерді заңдастырып, утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмауды ұсынды. «Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара»-деді. Көптің көкейінде сауал көп. Қандай көлік тұрақты тіркеуге қойылуы мүмкін? Тіркеуге қою үшін қандай құжаттар керек? 

Көлікті тіркеуге қоятын ішкі істер министрлігі. Ал, қандай экологиялық стандартқа жататын көлікті тіркеуге болатынын Экология министрлігі айқындайды. Утиль алым төленетін «Жасыл даму» акционерлік қоғамы да осы министрлікке қарасты. Алғашқы тіркеу төлемін қабылдайтын Қаржы министрлігіне қарасты Кірістер комитеті. Ал шекарадан 1 қыркүйекке дейін, заңды өткенін қадағалайтын ұлттық қауіпсіздік комитеті. Тіркеуге тұратын әр көлік осы органдардың тексеруінен өтеді. Алдымен олар бірлесіп шешім қабылдауы тиіс. Оңай ма? Оңай емес. Бірақ заң солай.

Достан көлігін Ресейден алып келіпті. Тіркеуде сол жақта. Көлігін жеңілдікпен осы жаққа тіркеуге қоя алмай қалуы мүмкін. Темір тұлпары аса ескі емес, сапалы, ыңғайлы болғанымен экологиялық классы төмен. Президент Жолдауынан кейін сең қозғалды. Дегенмен, мемлекеттік органдар әлі шешім қабылдай алмай отыр.

Достан Әбдірахманов, қала тұрғыны:

Қазақстанда шетелдік нөмірмен жүрген көліктердің түрі өте көп. Арменияда Қазақстанның азаматына және сол елдің тұрғынына тіркелген көліктер бар. Ресей азаматының атындағылар, ол жақта есептен шығып қалғандар да жетерлік. Бірнеше көлік бір құжатпен жүргендер, яғни «егіз» машиналар да біздің жолдарымызда жүр. Тек құжаттары дұрыстарды ғана емес осылардың барлығын заңдастырудың жолдарын қарастыру керек деп есептеймін.

Қазір Қазақстанда қанша шетелдік нөмір таққан көлік бар екені нақты белгісіз. Кейбір деректерде 200 мың, тағы біреуінде 300 мыңнан асады деген ақпарат бар. Яғни, мемлекет осынша көлік иесі төлеуі тиіс салықтан қағылып отыр. Бұл сандар сақтандыру полюсін рәсімдеген көлік санымен анықталған. Бұзылып, жүрмей тұрған көліктер, құжатын дұрыс рәсімдемегендер тізімге енбегені анық. Олар Қазақстанда ресми тіркелмегенімен біздің жолдарда жүйткіп жүр. Ал Президент айтқан акция рәсімдеу тәртібіне сәйкес келетіндер үшін едәуір жеңілдік болғалы тұр.

Айнұр Сартаева, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:

Шетелден алып келген көліктердің басым бөлігі 3жылдан асып кеткен деп есептесек қазіргі таңда тек тіркеу алымының өзіне ғана 1,5 млн теңге төлеу керек. Президент берген тапсырмаға сәйкес 2 алымды қосқанда жалпы сома 250 мыңнан аспайтын болса ол жаңағы айтқан азаматтарға шетелден автокөлік алып келген оларға 10 есеге дейін жеңілдік болар еді.

Қазір жауапты органдар арасында жұмыс тобы құрылып, тіркеу тәртібін пысықтап жатыр. Алайда, осы саланы зерттеп жүргендер барлығын бірдей тұрақты тіркеуге қою мүмкін емес дейді.

Артур Мискарян, Автонарықты мониторингілеу орталығының директоры:

Елімізде 4 млнға жуық көлік тіркелген. Ал шетел нөмірін тағып жүрген көліктердің саны 200 мың шамасында. Сол 200 мың көліктің барлығын бірдей тіркеуге қою мүмкін емес.

Нұраддин Садықов, қоғам белсендісі:

Оның арасынан двойниктерді, ұрланған жырланған көліктерді, техникалық регламентке сәйкес келмейтін көліктерді алып тастайтын болсақ, бұл 2015 жылдан жоғары және сол жақ рөлді автокөліктер. Бізде бар жоғы әрі кетсе 100 мыңға жетер жетпес көлік қана қалады.

Іріктеу мұнымен де бітпейді. Одан соң құжат тазалығы тексеріледі. Көлік міндетті түрде бұрын тіркелген елден белгіленген тәртіппен есептен шығарылуы тиіс.

Олжас Оқас, автоблогер:

1 қыркүйекке дейін кіргізілген көліктер ұрланбаған, криминалда болмаған машиналдар дейді ондай көліктерді тауып көр сен. Көбісінің құжаттары дұрыс емес қой. Мысалы көбісі сенімхат немесе сақтандыру арқылы ғана айдап жүр. Ол адамның көлікке нақты қатысы жоқ. Ол уақытша айдып жүрген адам. Оның атына қалай біреудің машинасын тіркей саласың?

Құжаттардың заңдылығы Қазақстанда ғана емес, бұрынғы тіркелген елдерде де тексерілмек.

Жандос Мұратәлиев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

Криминалдық автокөліктерді тіркеуді болдырмау мақсатында бұрынғы тіркелген елдердің құқық қорғау және кеден органдарымен салыстыратын болады.

Өзге елдің мемлекеттік органымен байланыс жүргізу бұрыннан бар. Былтыр Ресейде есептен шығарылған, алайда Қазақстанда тіркеуге алынбаған 88 мың көлік Қазақстан жолдарында жүргені анықталған. Яғни олар да құжаттарын тиісті тәртіппен рәсімдемегендіктен жеңілдікті пайдалана алмайды. Шетелдік нөмір тағып жүрген көліктердің басым бөлігі ескі. Біздің елге кіргізуге рұқсат етілген ЕУРО-4 стандартына сәйкес келмейді. Ал, мемлекеттік органдар бір реттік жеңілдік аясында оларды тіркеуге рұқсат беріле ме, жоқ па - айтпай отыр.

Олжас Оқас, автоблогер:

Тіркеп жіберсе мен қарсы емеспін. Өзіміздің қазақтың жігіттері айдып жүрген машиналар ғой. Бірақ онда заң қайда қалды? Ол ешқандай талап шарттарға келмейтін автомобильдер. Қауіпсіздігі жоқ. Шіріген. Ескі көліктер де бар арасында. Ұрланғаны бар.

Ал, көпшілік шеттен көлікті бағасы арзандау болған соң әкеледі.

Қазіргі уақытта белгілі ережелер бойынша қандай көліктер тіркеуге қойылмайтынын тағы бір нақтылап өтейін. Қазақстанға 1 қыркүйектен кейін кіргізілген, Криминалдық есеп бойынша іздеуде жүрген, заң немесе сот тарапынан шектеулері бар, кепілде тұрған, есептен белгіленген тәртіппен шығарылмаған, рөлі оң жағында орналасқан, кедендік тексерістен өтпеген, иесінің тіркеу және құқық белгілейтін құжаты жоқ көліктер рәсімделмейді.

Биыл алғашқы жарты жылдықтың өзінде 52 мыңға жуық көлік сатылыпты. Оның 80 пайыздан астамы Қазақстанда құрастырылған. Көліктің көп сатылуына жеңілдетілген автонесие бағдарламасы да әсер етті.

4 пайыздық несиемен көлік алу үшін 33 мыңнан астам өтініш түсіп, оның 13500 ге жуығы мақұлданған. Енді револьверлік механизм іске қосылады. Яғни, жеңілдетілген несие алғандардың ай сайынғы төлемі белгілі сомаға дейін жиналған соң, ол өзгелерге тағы да несие ретінде беріледі. Бұл бағдарлама 30 жыл бойы жұмыс істейді деп есептелген.

Оңғар Алпысбай

Хабарламаларға жазылу