Өрттен зардап шеккен Қостанай облысы тұрғындарына көмектесу үшін шымкенттік мыңнан аса жас еріктілер тобына қосылды. Олар гуманитарлық көмек жинаумен бірге, аймаққа аттанып құрылыс жұмыстарына қолғабыс етпек.
Еркебұлан апта басынан бері жастар орталығында. Университеттегі оқуынан шыға сала осында келіп, қолғабыс жасайды. Гуманитарлық көмек ретінде келіп жатқан заттарды түсіріп алып, қоймаға жинайды. Сабақ кезінде өзге қатарластыран да осы іске үгіттейді.
Еркебұлан Қойбағар, волонтер:
Мен Арыс қаласының тұрғынымын. Кезінде бізде де төтенше жағдай болған кезде бізге де көмектескен еді. Мұны адамдық борышым деп сезінемін. Сондықтан барлық қолдан келген мүмкіндікті пайдаланып, көмектесіп жатырмыз.
Еркебұлан секілді 50-ден астам жас көмек жинау пунктіне күнде келіп, ізгі іске көмектеседі. Мұнан бөлек орталықта психологиялық кабинет жасақталған. Білікті мамандар телефон арқылы күйзеліске түскен жандарға рухани демеу көрсетуде. Бүгінге дейін олардың көмегіне онға тарта адам жүгінген.
Жастар қазір үй-жай салуға қажетті заттар мен құралдарды жинауға күш салып жатыр. Сондай-ақ еңбек және құрылыс жасақтары сапында болған еріктілерден арнайы топ жасақталып жатыр.
Мағжан Исахов, Шымкент қаласы жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
Оның құрамында құрылыс мамандығында оқитын жастарымыз, сондай-ақ мұның алдындағы апатты жағдайларда сыналған, тәжірибесі бар топ жасақталуда. Қажет болса сол жастарымыз көмек қолын созуға дайын.
Шымкенттік жастардың көмегімен 3-4 күннің ішінде бір жүк машинесі болатын заттар жиналды. Ішінде көрпе төсек, азық түлік пен құрылыс заттары бар. бүгін кешкісін Қостанайды бетке алып, жолға шығуға қам жасап жатыр.
Ғани Қалмаханов