Маңғыстау облысы: 350 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысы: 350 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

25.08.2022

Еліміз бойынша 350 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 240 мың гектары Маңғыстау облысында. Бұл игі іс «Amanat» партиясының бастамасымен жүзеге асты. Партия хатшысы мен қоғам белсенділері және депутаттар аймаққа сапары аясында бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты. Партиялық жобалардың орындалу барысын тексерді.

Партия хатшысы Асхат Оралов, «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері мен мәжіліс депутаттары Таушық ауылында Түпқараған ауданы тұрғындарымен жүздесті. Халықты жайылымның жетіспеушілігі, жердің құнарсыздануы секілді күйіп тұрған мәселелер толғандырады. Шаруалар өрістің тарылып бара жатқанын да баса айтты.

Амангелді Жүнбасов, ауыл тұрғыны:

Ауылдан шығатын қойдың жайылатын жері жоқ. Мал жайылатын жерге барсаң анадайдан қуады. Мынау менің жерім деп. Осы біздің жерімізді кеңейтіп беріңдерші. Таушықтың халқының сендерден сұрайтыны сол.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қай ауылға қай ауданға бармайық,үлкен мәселе осы жер деп көтереді ел. Осы мал жайылатын жер жоқ. Партия осы мәселені мұрындық болып қолға алып, Бас прокуратура бар, Ауылшаруашылық министрлігі бар, Жер комитеті бар, қоғам белсенділері бар. Бәрінің басын қосып, “Жер аманаты” комиссиясын құрып, осы мәселеге кірісіп жатыр.

Игерусіз жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтару еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмысқа «Жер аманаты» комиссиясы тікелей жауапты.

Асхат Оралов, «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы:

«Amanat» партиясын білесіздер енді. Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жұмысына белсенді атсалысып келеді. Президенттің пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекетке қайтару деген тапсырмасы бар. Ол қазір орындалып келе жатыр. Соның бір дәлелі: «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы. Осы екі айдың көлемінде 350 мың гектар қайтарылса, Маңғыстау облысында 240 000 гектар жер мемлекетке қайтарылды.

Сапар барысында партия белсенділері сайлауалды бағдарламаны іске асыру аясында салынып жатқан әлеуметтік нысандар құрылысымен де танысты.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу