Жер дауы: Тұрғындар өз үлестерін ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жер дауы: Тұрғындар өз үлестерін ала алмай жүр

24.08.2022

Аршалы ауданы Түрген ауылының тұрғындары жергілікті серіктестіктің талаптарымен келіспейді. Кезінде жеке меншікке өтіп кеткен егіндік пен шабындық жерлерінен көріп жатқан пайдасы мал азығын алуға да жетпейді. Ал жем-шөптің бағасы күннен-күнге шарықтап барады. Адамдар серіктестік құрамынан шыққысы келеді, бірақ оған кедергі көп.

Ауыл тұрғындарының өз үлестерін ала алмай жүргендеріне төрт жыл болған. Жер иесі өз міндеттерін орындамайды. Үлес пайдасын 20 жылда бір-ақ рет қана төледі дейді олар.

Сейітжан Жомартов, ауыл тұрғыны:

Агрофирма «Поиск» халықтың пайларын дұрыс төлемейді. Өз аттарына аударып алған. Халықты алдап, аз ақша төледі.

Қазір серіктестік халықтың 30 мың га егіндік пен жайылымдық алқаптарын иеленіп отыр. Оны түгелімен халыққа қайтару мүмкін емес. Себебі, заң бойынша серіктестіктің тізімінде тұрған 700 адам жиналысқа түгел қатысуы тиіс.

Людмила Шәмшідинова, ауыл тұрғыны:

Жиналысқа 700 адам ешқашан келмеген. 50-60 адамнан көп жиналмайды. Осы себептен жер телімдерін бағалау қайта жүргізілуі керек. Қазір жердің бір гектары 4 теңге 75 тиынға бағаланып отыр. Бұл өте арзан.

Үлескерлер серіктестік жарғысына өзгеріс енгізуге қауқарсыз. Себебі, капиталдың 85 пайызы бір кәсіпкердің қолында. Есесіне, тұрғындар серіктестіктің несиеден көз ашпай, жерлер банктерге кепілге қойылғанын айтады.

Владимир Ересов, ауыл тұрғыны:

Серіктестігіміз қарызға белшесінен батқан. Бізде егіннің бір бөлігі алдын ала сатылып кеткен. Қарашаның 1-іне дейін бүкіл қарыздарды өтеу керек.

Ал серіктестік өкілдері ешқандай банкке берешегіміз жоқ дейді.

Александр Казаков, Агрофирма «Поиск» ЖШС-нің заңгері:

Былтыр банк алдында міндеттемелер толық өтелді. Жер үлестері кепілден босатылды. Ендігәрі жер кепілге қойылмайды деп жиналыста барлығына ескертілді.

Түргендіктерден "Жер аманаты" комиссиясына ешқандай арыз-шағым түспеген. Алайда, мемлекеттік органдар бұл дау-дамайды өз бақылауына алатын болды.

Бибінұр Әмірханқызы, "Amanat" партиясы ақмола облыстық филиалының баспасөз хатшысы:

Түрген ауылы азаматтарының жерге қатысты көтерген мәселесіне қатысты "Жер аманаты" облыстық комиссиясы ауданға барып, халықпен кездесуді енді жоспарлап отыр. Ал жалпы осы Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдары тарапынан бұл мәселе жарты жыл бойы пысықталып жатыр.

Кезекті жиын қарашаның 15-інде өтеді. Ол жиынға серіктестік иелері үлескердің бәрін түгел шақырамыз деп отыр.

Ламбриан Топузидис



Хабарламаларға жазылу