«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында түстіктен теріскейге 11 мыңнан астам адам қоныс аударды. Олардың 85 пайызы ауылдық жерлерде тұрып жатыр. Тұрғындардың жағдайы мен тыныс-тіршілігін Премьер-министрдің орынбасары арнайы барып көрді.
Солтүстік Қазақстанға жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Аққайың ауданындағы Астраханка және Полтавка ауылдарына қоныс аударған жұртшылықпен кездесті. Гүлмира Қабанбаева бір жыл бұрын «Еңбек» бағдарламасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келген. 7 жыл пәтер жалдаған отбасының қазір 3 бөлмелі үйі бар.
Гүлмира Қабанбаева, ауыл тұрғыны:
Ауа райы керемет. Еңбек етсең, барлық жерде өмір сүруге болады. Мәселен үй берді. Баспана ғой. Өзі адамға керегі бірінші баспана, денсаулық. Әрі қарай бәрі болады.
«Еңбек» бағдарламасының арқасында көркейіп келе жатқан Аралағаш ауылында соңғы жылдары халық саны көбейіп, жаңа кәсіпорындар салына бастады. Жылына 5 мың тонна өнім шығаратын құс фабрикасы ашылмақ. 170 адам жұмыспен қамтылады. Кәсіпорын басшылығымен кездескен Ералы Тоғжанов басты міндет ауылдың әлеуетін көтеру екенін атап өтті. Полтавка ауылында да оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылар тұрып жатыр. Дені шаруашылықта еңбек етеді. Жаңа оқу жылында серіктестік жұмысшыларына арналған балабақша іске қосылмақ. Жалпы, оңтүстік өңірлерден көшіп келген азаматтар 225 елдімекенде тұрып жатыр.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
500-ге жуығы ол педагогтар, 300-ге жуықтары дәрігерлер. Мамандығы жоқ азаматтардың бәріне осы жерде жаңағы арнайы оқу арқылы, мамандықтар берілу арқылы қазір жұмысқа тұрғызылып жатыр. Келген азаматтарға мына жерде үймен де қамтамасыз ету мәселелері шешіліп жатыр.
Элмира Кәленова