Үкімет басшысы Маңғыстау және Атырау облыстарындағы шөп ору науқанын сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет басшысы Маңғыстау және Атырау облыстарындағы шөп ору науқанын сынға алды

23.08.2022

Маңғыстау және Атырау облыстарында мал азығын әзірлеу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Мұндағы шөп ору науқанын сынға алған Премьер-Министр шаруаларды қажетті отынмен дер кезінде қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгін Үкіметте жем-шөппен қамтамасыз ету және егін жинау науқаны қалай жүріп жатқаны қаралды.

Досжан Маратұлы, тілші:

Ауыл шаруашылығы министрі тапшылық болмайды деп сендіріп отыр. Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, биыл былтырғыдай қуаңшылық жоқ. Жауын-шашын жеткілікті мөлшерде жауған. «Қазірдің өзінде 21 млн тонна шөп дайындалды», - дейді министр.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Бұл жоспардың – 87,3%, жоспар 24,1 млн тонна болатын еді. Тұтастай алғанда барлық өңірде мал азығын жинау жұмыстарын орындау барысының оң серпіні байқалып жатыр.

Ербол Қарашөкеев оң серпін байқалады дегенмен, Премьер-Министрдің Маңғыстау және Атырау облыстарындағы шөп ору жұмысына көңілі толмай отыр.

Сондықтан Әлихан Смайылов бұл істі ғана емес, егін жинау науқанына да асқан жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Қазір егін алқабының 13 пайызы жиналды. Биыл 18 млн тонна астық жинау көзделген. Оның 13 млн-ы – бидай. Бастысы қар астында қалдырмай дер кезінде бастыруға жағдай жасау қажет. Яғни диқандарды қажетті дизельмен қамтып, жан-жақты қолдау көрсету қажет, деді Үкімет басшысы.

Досжан Маратұлы, тілші:

Айта кетейік, қазір елімізде дизельдік отынның 220 миллион тонна қоры бар. Әрі ол толықтырылып жатыр. Энергетика министрінің айтуынша, жағдай тұрақты. Жанармай жеткілікті.

Хабарламаларға жазылу