Ақтөбеде жүргізуші куәлігін алуға көмектескендер ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде жүргізуші куәлігін алуға көмектескендер ұсталды

22.08.2022

Біздің жолдарда заңдастырылмаған көліктерді ғана емес, жүргізуші куәлігін сатып алып, машина тізгіндеген пысықайларды да жолықтыруға болады. Ақтөбеде 200 мың теңге ақшалай сыйақыға жүргізуші куәлігін алуға көмектескендер ұсталды. Қылмыстық топ құрамында халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері де бар.

Олар алдын ала сөз байласқан адамдарды емтиханға кірер кезде металл іздегішпен тексермей, кедергісіз өткізген. Сынақ тапсырушыларды құлаққап, микрофон және камерамен жабдықтап, оларға дұрыс жауаптарды көрсетіп отырған. Топтың бір мүшесі  емтихан кезінде көрші кабинетте отырып, роутер арқылы интернетпен қамтамасыз етуге жауапты болған. Қылмыскерлердің жалдамалы пәтерін тінту барысында 6 млн 690 мың теңге және 1800 АҚШ доллары тәркіленді. Сондай-ақ мини-құлаққап, бейнекамера, камерасы бар жилеттер мен басқа да құрылғылар алынды. Тергеу жүріп жатыр.


Хабарламаларға жазылу