Ақмола облысында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемелердің 70 пайыздан астамы ескі. Біразы бейімделген ғимаратта орналасқан. Сондықтан санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздік талаптары сақталмайды.
Зеренді ауданы Симферополь ауылындағы медициналық бөлімше 2 қабатты ескі ғимаратта орналасқан. Жергілікті әкімдік, полиция бөлімшесі мен кітапхана да осында.
Ботагөз Маемирова, Симферополь ауылдық медицина бөлімшесінің мейірбикесі:
Жоғары 2 қабатта шатырдан жаңбырда, күзді күні су кетеді. Содан жөндеу жұмыстарын істеп беру керек. 2 қабаттың суы 1 қабатқа дейін ағады. Сол үшін бізге шатырды дұрыстап берсе, жақсы болар еді.
Жылу жүйесін де ретке келтіру керек. Жалпы қыста қиындық көретін ауылдар аз емес.
Боранбек Сәбитов, Симферополь ауылының тұрғыны:
Қыстыгүні жаққанда жылыту оңай емес, сосын біз келіп мұнда екпе аламыз, зейнеттегі адамдар, менен де үлкен кәрі кісілер бар. Қыста салқындау.
Ал Қонысбай ауылындағы медициналық бөлімше бұрын асхана болған ғимаратта орналасқан. Елікті елді мекеніндегі мекеме 2 пәтерлі үйдің бір бөлігін паналап отыр. Бұл жерді жөндеп, бөлмелер тұрғындарды қабылдауға лайықталған. Облыстағы 562 денсаулық сақтау мекемесінің 70%-дан астамында ахуал осындай. Олардың барлығы дерлік ауылдарда.
Нариман Сыздықов, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін 236 миллиард теңге қажет. Алайда, бұл қаржыны облыстық та, республикалық бюжеттер көтермейді. Мәселені біртіндеп шешуден басқа амал жоқ. Сондай-ақ, біз алдымен денсаулық сақтау мекемесі мүлдем жоқ 40 ауылдың проблемасын шешу керекпіз.
Биыл облыста тек 4 мекемеге күрделі жөндеу жасалмақ. Сонымен қатар 12 нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзір. Сондықтан бұл саладағы барлық проблемаларды шешу алдағы жылдардың еншісінде.
Ермек Елберген