«Жаңа оқу жылында балалар еш кедергісіз оқуы қажет». Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы бірқатар нысандарды аралау барысындай осылай деді. Әсіресе, мектептердегі күрделі жөңдеу жұмыстарының уақытылы аяқталуын қатаң тапсырды. Өңірдегі 6 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, аймақ басшысы шыны зауытының құрылыс барысымен танысты.
Биыл өңірдегі 6 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін бюджеттен 2,1 миллиард теңге қаржы бөлінген. Облыс әкімі №10 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейі ғимаратының құрылыс жұмыстарын бағамдау барысында жыл сайын апаттық мектептерді жойып, жаңа мектептердің салынуына басымдық беріліп жатқандығын тілге тиек етті.
Нұрлыбек Нәлібаев, Облыс әкімі:
Балалардың қуанышына ештеңе жетпейді. Сондықтан өте сапалы жұмыс жасау керек. Жобаға кірмей қалған жерлері болса, оны да демеушілікпен жасап беріңіздер. Көп жағдайда, мектеп апаттық жағдайда болмаса қасынан қосымша құрылыс салып, 3 ауысымдықты шешсек, бізге бірнеше есе арзан түседі. Апаттық жағдайда болса, спорттық алаңдар салып, жаңа мектеп салынғаннан кейін мектепті бұзып, соның орнына спорт алаңдарын жасауға болады.
Апатты жағдайдағы 4 мектептің екеуінің ғимараты жаңа оқу жылында табысталады. Бір апатты мектеп жеке инвестор есебінен басталды. Ал, Қазалы ауданындағы 94-ші мектептің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ, қала мектептеріндегі орын тапшылығын жою үшін 4 мектептің жанынан қосымша ғимарат салу мәселесі пысықталып, жоба-сметалық құжаттарды рәсімделуде.
Облыс әкімі аймақтағы ірі өндіріс орны саналатын Шыны зауытына да келіп, атқарылып жатқан жұмыстарды саралады. Өткен жылдың желтоқсан айында зауыттың күйдіру пеші техникалық іске қосылған болатын. Алайда күйдіру пешін қосу-реттеу барысында ақаулар пайда болып, қажеті қондырғыларға тапсырыс беріліп, бүгінде олар жеткізілген. Аймақ басшысының тапсырмасы негізінде 25-шілде күні арнайы штаб құрылған болатын. Мұндағы мақсат – зауытты іске қосуда кездескен мәселелерді дер кезінде шешу. Айта кетейік, қазан айында зауыт толық іске қосылып, алғашқы өнімі шығарылмақ.
Нұрлыбек Нәлібаев, Облыс әкімі:
Осының бәрін ел күтіп отыр. Енді қалайда аяқтауымыз керек. Сіздер де уәделеріңізде тұруларыңыз керек. Серік Салауатұлы күнделікті осындай жұмыс болу керек. Аптасына 2 рет штаб отырысын өткізіп жатқаныңыз өте дұрыс. Керек болса күнделікті қадағалап тұру керек.
Зауыттың күйдіру пеші тамыз айының аяғында іске қосылмақ. Бір ай көлемінде қалыпты температураға жеткеннен кейін алғашқы өнімді дайындауды бастайды. Өңір басшысы дайындық жұмыстарына ерекше мән беріп, еліміз үшін маңызды саналатын жобаны сәтті бастау үшін барлық мүмкіндікті пайдалану қажеттігін тағы бір қаперге салды.
Азамат Талғатұлы, Шыңғыс Жұмахан, Дархан Тоқсейіт