Еліміздегі жастардың 10%-ы лудомания ауруына шалдыққан. Отандық психологтар осылай деп дабыл қағуда. Ойынқұмарлық дертін мемелекеттік деңгейде ауру ретінде танып, емдеуді ертерек қолға алу қажет дейді. Өйткені басқа психологиялық ауруларға қарағанда ойынқұмарлардың қылмысқа бару көрсеткіші өсіп кеткен.
Нұрлан Сабыров құмар ойынға 150 млн теңгені салып жіберген. Қазір сауықтыру орталығында психологиялық көмек және кешенді ем қабылдап жатып. Ол осында алты ай жатады. Баласының сауығып шығуы үшін ата-ана ай сайын 350 мың теңге төлейді. Орталықта құмар ойынның зардабын зартқан басқа да жастар көп.
Нұрлан Сабыров, емделуші:
Қазақстанда болсын, ТМД болсын осыдан зардап шегіп отырған адамдар көп екенін білемін. Автобуста телефонға қарап отырған адамдардың екінің бірінде олимпбет деп көрсетіп тұрады. Оны әр жерде қолдана бересің, өйткені интернет арқылы бастау оңай. Тегін кино-сериал көретіндерге бірінші сол жарнама шығады. Насихат өте үлкен.
Халықаралық бейімдеу орталығы бұған дейін мыңға жуық адамға құмардан құлан таза айығуға көмектескен. Ал мемлекеттік медициналық мекемелерде ойынқұмарлық дертін емдемейді. Психологиялық ауру ретінде тіркелмеген соң қаражат та қаралмайды.
Александр Гришук, психолог:
Біз халықаралық қауымдастық ретінде Қазақстанға келгелі алты жылдай уақыт болды. Сұраныстың көптігінен бізге әр қаладан жеті бірдей бөлімді ашуға тура келді. Ойынқұмарлар есірткіге тәуелділерден де қауіпті болып барады. Өйткені бәс тігу үшін бәріне баруға дайын. Оларға психотерапиялық кешенді ем қажет. Мұндай емді әзірге тек осындай жеке клиникалардан табасыз.
Елордадағы экономикалық тергеп-тексеру департаменті тек жыл басынан бері «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы 276 құмар ойын өткізетін сайтты бұғаттаған. Осы салада заңсыз бизнес ұйымдастырудың 29 дерегі тіркеліп, 48 ойынхана жабылған. Дегенмен, ойынқұмарлар күн санап көбейіп келеді. Мамандар оларға арнайы мемемелерде емделуге кеңес береді.
Асанғазы Ғұсманов, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел өкілі:
Ол жерде өздерінің талаптарына сәйкес белгілі бір мерзімде сонда жатып емделуі қажет. Біздің тарапымыздан жүзеге асатын шаралар ол заңсыз ойын болған жағдайда үстінен тексеріс жүргізіп, жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жасау.
Елімізде құмар ойынын заңды түрде өткізуге бір ғана оператор белгіленген және бұл бизнесті екі демалыс қалашығында ғана жүргізуге болады. Мамандардың пікірінше осы салада бақылауды күшейту керек. Әйтпесе әлеуметтік мәселе одан әрі асқынып кетуі мүмкін.
Сәбит Әлдебай