Жетісу облысында соңғы бірнеше күннен бері дизель отыны тапшы. Жанармай бекеттері тек талонмен беріп жатыр. Жергілікті билік жетіспеушілікті егін ору науқанымен байланыстырып отыр. Алайда жақын арада бұл мәселе өз шешімін табады деген сенімде. Дегенмен дизель отынымен жүретін көліктер үшін бұл қолайсыз болып тұр.
Талдықорған шетінде тұрған мына жүк көліктері жолға Белоруссиядан шыққан. Жүргізушілер дизель отыны тек Жетісу облысында ғана емес, Қазақстан бойынша тапшы екенін айтады. Осы жерге үнемдеп әрең жеткен олар, енді Қытай шекарасына дейін жететін жанармай күтіп әлек. Қазір барлық бекеттерде дизель отынын тек талонмен ғана алуға болады.
Сергей Каптур, жүргізуші: /Беларусь/
Қазақстан бойынша өте қиын жағдай. Шымкенттен бері келе жатырмыз. Бірде-бір жанармай бекетінде дизель отыны жоқ. Тек жергілікті халыққа талонмен ғана береді. Ал біз шетелдіктер не істеуіміз керек?
Дизель отыны Жетісу облысының үш ауданында тапшы. Жергілікті билік мұны егін ору науқанының қызып, туристік маусымның шарықтау шегіне жетуімен түсіндіруде. Сондай-ақ республикалық маңызы бар жолдардың күрделі жөндеуден өтіп жатқанын алға тартады. Бірақ алдағы күндері мәселе оң шешімін тауып, қоймаларға қосымша жанармай қоры жеткізілмек.
Диас Серіков, Жетісу облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:
Қазіргі таңда облысымызға дизель отыны тиелген вагондар келе жатыр. Бұл шамамен 600 тоннадан астам жанар-жағармай. Бір-екі күнде мұнай базасынан дизель отыны тапшы аудандарға жібере бастаймыз.
Талдықорған маңындағы жанармай бекеттерінде де дизель отыны жоқ. Көлік кептелісі болмаса да жағдайды жанармай бағасы жазылған бағаналардан анық аңғаруға болады.
Қуаныш Қанатұлы