Атырауда вирусқа шалдыққан 15 жүкті әйел ауруханада жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда вирусқа шалдыққан 15 жүкті әйел ауруханада жатыр

05.08.2022

Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны күн сайын көбейіп барады. Өткен тәулікте 2579 адамнан вирус анықталған. Ал Атырауда коронавирус жұқтырған 15 жүкті әйел инфекциялық стационарда жатыр. Өңірде эпидахуал нашарлап барады. Айналасы 4 күннің ішінде 200-ден аса тұрғын індеттің ілмегіне ілінген. Бүгінде №2 облыстық ауруханада қатерлі инфекцияға шалдыққан 42 адам емделуде. Олардың 17-сі бала. Дәрігерлер науқастардың жағдайы орташа екенін жеткізді. Мамандар: «індеттің өршуіне басты себеп - вакцина алушылардың аздығы»-дейді. Мәселен облыста екпенің I компонентін қабылдаған 273 мың адамның тек 105 мыңы ревакцинациядан өткен. 6 мыңға жуық тұрғын ковидке қарсы дәрілік препараттарды үшінші мәрте алған. Қыркүйек айына дейін 6 мыңдай доза бөлінді. Ал өңірлік қорда 100 мыңға жуық доза сақтаулы. 28 егу пункті жұмыс істеп тұр.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу