Алматыда 15 тамыздан бастап заңсыз сауда орындары жабылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 15 тамыздан бастап заңсыз сауда орындары жабылады

04.08.2022

Алматыда 15 тамыздан бастап заңсыз сауда орындары жабылады. Өйткені аймақта антисанитария, талап сақталмаған. Бұл туралы қала әкімінің Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуінде белгілі болды. 

Алматыда жабайы базарлар жабылады. Олардың жұмысына қатысты Әділет министрлігі қажетті ережелерді 15 тамызға дейін бекітпек. Яғни сол мерзімнен бастап, полиция заңсыз саудамен айналысқандарға айыппұл салып, қала бойынша жабайы базарларды түгел жабады. Мұндай шаралардың атқарылуына Бостандық ауданы тұрғындарының наразылығы себеп болған.

Сондай ақ, қала орталығы - «Атакент» аумағын жаңғырту жобасы әзірленіп жатыр. Атакент қалпына келтіріліп, абаттандырылады. Яғни иесіз қалған жерлер коммуналдық меншікке қабылданды деген сөз. Тағы бір өзекті мәселе - «Алма-Арасан» шатқалына апаратын жол жөнделеді.

Ерболат Досаев, қала әкімі:
Бұл жол «Қазавтожолдың» балансында. Биыл жоба дайындап жатыр, келесі жылы құрылысты қаржыландыруға өтінім береді. Мен өзім жақында осы бағытта жүріп, бұл жолдың сапасын көрдім. Олар оны биыл алады деп үміттенемін. Сондай-ақ біз үшін туризм мен халық демалысын дамыту маңызды. Оларға қолдау көрсету үшін осы мәселеге өз үлесімді қосуға тырысамын.

Алматының Бостандық ауданында көпқабатты тұрғын үйлер салуға шектеулер қойылуы мүмкін. Соңғы жылдары ауданда әлеуметтік нысандарға қарағанда тұрғын үй құрылысы белең алған.

Тайыр Жоламанов, қала тұрғыны:
Менің қоршауымнан 3 метр жерде үй соғып жатыр. Бар жоғы 27 соттық жерге екі 12 этажды үй салып жатыр. Заң бойынша, екі үйдің арасы 20 метрден көп болуы керек. Енді бұл мәселені қалай шешуге болады?
Ерболат Досаев, қала әкімі:
Дұрыс бағасын тауып, сізге пәтермен бере ме, басқалай ма, жолын тапсақ алдымен. Құрылыс иесі мен орынбасарыма тапсырма беріп, мәселені шешсін деймін.

"Алмагүл" ықшамауданында жарық жиі сөнеді. Азаматтардың көп шағымы осыған қатысты еді. Бұл ретте, Ерболат Досаев шағын ауданда келер жылы мұндай проблема болмайтынын кесіп айтты. 200 мың тұрғын электроэнергиямен тұрақты түрде қамтылмақ.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу