Елдегі балаларға кохлеарлы имплантация тегін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі балаларға кохлеарлы имплантация тегін

02.08.2022

Елордада апта сайын 5-6 балаға есту импланттары салынады. КохлеАрлы имплантация Алматы мен Астана қалаларында ғана бар әзірге. Импланттар шет елден әкелінген. Трансплантация арқылы жүздеген баланың есту қабілеті жақсарады. Тіпті сөйлеуді де қоса үйреніп, мүгедектігінен арылуы бек мүмкін.

Арман Әбілев, Балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі:

2 жасқа дейін операция сәтті жасалса, мектеп жасына дейін бала қатарластарын қуып, қалыпты дамиды. Бұл уақытты жіберіп алмау керек. Жалпы, жыл басынан бері біздің бөлім дәл осындай 300-дей операцияны сәтті аяқтады.
Елена Шлей, науқастың анасы:

Барлық аналарға еңселеріңіз түспесін дегім келеді. Кейбіреулер емдеуге тым кеш деуі мүмкін. Ешкімді де тыңдамаңыздар. Мемлекет тарапынан біздерге қолдау көрсетіліп жатыр. Кәсіби мамандарымыз да бар. Балам мені енді ести алатынына шын бақыттымын; құстың ән салғанын біз сияқты анық естіп тұрғаны үшін алғысымды айтамын.
Статистика бойынша әлемде мың баланың біреуі саңырау болып туылады. Тағы 3-уінің есту қабілеті нашар болады. Сондықтан емнің бұл түрі неғұрлым ерте жасалса, соғұрлым пайдалы дейді мамандар. Айта кетейік, ерекше операция 2016 жылдан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында балаларға тегін жасалады.

Алла Гаврина

Хабарламаларға жазылу