Құрылысшылар династиясының өкілі бірқатар әлеуметтік нысанды салуға атсалысқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрылысшылар династиясының өкілі бірқатар әлеуметтік нысанды салуға атсалысқан

28.07.2022

«Адал еңбек - бәрін жеңбек». Алматылық құрылысшылар династиясы осындай қағидамен өмір сүріп келеді. Сол әулеттің өкілі - Ержан Сабазбеков 30 жылдан бері Алматы мен Нұр-Сұлтандағы бірқатар әлеуметтік нысанды салуға атсалысқан.

Ержан Сабазбековтың әр таңы осы станокты қосып, металл өңдеумен басталады. 30 жылдан бері құрылыс саласында еңбек еткен маман «Медеу» мұз айдынын Азиадаға дайындап, қаладағы көпқабатты үйлердің құрылысына атсалысқан. Осы уақытқа дейін сылақшы, тас қалаушы, ұста сынды бірнеше ауыр жұмысты атқардым,- дейді.

Ержан Сабазбеков, құрылысшы:

Адам адал еңбекпен жеміске жетеді дейді ғой. Адалдығың, қасындағы коллективтің көмегі болмаса, алдыға баса алмайсың. Жас мамандар солар..өзім қалай білем, сондай білсе екен деп тілеймін. Жастардың тілін табу кішкене қиын, бірақ олармен өзің өсесің. Пенсияға асықпаймын, жұмыс істегім келеді. Адал еңбекпен дүние тапқанға не жетсін.

Құрылысшының салынып жатқан ғимараттың 5-қабатынан құлап, ауыр жарақаттар алған кездері болған. Бірақ, денсаулығын түзеп алған соң, еш мойымай, ісін әрі қарай жалғастырған. «Мен оқымасам да, өмір оқытты»,- дейді ел ағасы. Бүгінде еңбегімен ерекшеленген тәжірибелі маман үлкен құрметке ие.

Мейрам Алдабергенов, өндіріс басшысы:

Жақсы адам. Адал, жұмысында еңбекқорлы. Қалғандарға, жұмысшылароға, жас балдарға үлгі.

Еңбек адамы отбасында үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Әулеттің асыраушысын үй іші күнде кешкісін асыға күтеді. Қауырт әрі қауіпті жұмысы үшін кейде алаңдаймыз,- дейді жұбайы.

Гүлмира Әлімқұлова, жұбайы:

Барған жерінде еңбегінің бәрі жанып отырды. Қай салаға барып жұмыс істесе де, сол салада алған еңбек грамоталары, алғыс хаттары өте көп. Станок болғаннан кейін неше түрлі жағдай болады. Бір рет жұмыста болды, саусағын кесіп алды. Соның өзінде жұмысын істеп келіп жүрді.

Құрылысшы күнкөрістің қамын күйттеп, тіршіліктің күйбеңінен қолы босамайды. Дегенмен, маңдай термен келген табыс жетістікке жетелейтінін біледі. Сол себепті де, құрылыс саласындағы қызметін өмірінің мәні деп есептейді.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу