Жамбыл облысында жыл басынан бері 27 мың тұрғын жұмыспен қамтылған. Ал 3-ші жыл қатарынан жалғасып келе жатқан пилоттық жобаға биыл тағы 6 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінбек. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты. Жамбыл облысына барған министр алдымен тұрғындардың табысын арттыру пилоттық жобасы аясында несие алып шаруасын дөңгелеткен еңбек адамдарының жағдайын көрді. Өңірде 2019 жылы бастау алған тиімді жоба 10 ауылдық округте жалғасады. Ал облыс бойынша әлеуметтік жәрдемақы мен төлем түрлерін алған 126 мың отбасыға 30 миллиардтан аса ақша жұмсалған. Бұдан бөлек министр кездесуде қазақстандықтарды лайықты зейнетақымен қамту, мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсарту, әлеуметтік қызметтер порталын жетілдіру бойынша да бірқатар мәселелерге тоқталды.
Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Біздің министрлік бұл тәжірибені мынау азаматтарды жұмысқа тарту мәселесі, ауыл азаматтарын, ауыл жастарын жұмысқа тарту мәселесі және азаматтардың табысын көтеру жағынан қарастырып отырмыз. Сондықтан да біздің министрлік те бұл жобаға өзінің үлесін қосатын болады.