Әлеуметтік бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау қажет. Бұл, ең алдымен, мүмкіндігі шектеулі жандардың табысын арттыруға оң ықпал етеді. Бұл туралы елордадағы бірқатар нысандарды аралаған Үкімет басшысының орынбасары айтты.
Ералы Тоғжанов қаладағы жарымжан жандарға қызмет көрсететін орталықтардың бірінде болды. 2006 жылы ашылған бірлестікте қазір 25 адам еңбек етеді. Оның басым көпшілігі – мүгедектігі бар азаматтар. Орталық қажетті құрал-жабдықтарды жөндейді, жалға береді. Қазір онлайн тапсырыстар бойынша қызмет көрсете бастады. Бұл азаматтардың уақытын үнемдеп, қызметті тез алуға мүмкіндік беріп отыр.
Ардақ Отарбаев, қоғамдық бірлестіктің атқарушы директоры:
Психологиялық тұрғыдан көмек көрсетеміз. Заңды түрде консультациялар жүргіземіз. Бұдан бөлек, басқа да қызмет түрлері бар.
Қазіргі эпидемиологиялық ахуал кезінде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің де сапасын арттыру маңызды. Бұл ретте нарықтағы озық медициналық мекемелердің тәжірибесі ескеріледі. Ералы Тоғжанов осындай алдыңғы қатарлы медициналық орталықтардың бірінде болды. Мұнда кешенді қызмет көрсетіледі. Диагноз қойылады, науқас ем алады, медициналық оңалтудан өтеді. Аурудың алдын алу бойынша да қызмет түрлері бар. Ота да жасалады. Үкімет басшысының орынбасары «халыққа тиімді, әрі сапалы қызмет көрсетіп отырған кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету қажет», деді.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Жеке компаниялардың тәжірибесін қарап жатырмыз. Басқа аймақтарда да орталықтар жұмыс істеп тұр. Алыс-жатқан ауылдардағы жергілікті халықты медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндіктер бар. Қазір осы тәжірибені зерттеп жатырмыз.