2 жыл бұрын құрылған медициналық сақтандыру қоры сынның астында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2 жыл бұрын құрылған медициналық сақтандыру қоры сынның астында қалды

15.07.2022

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру деген – бір мекеме, екі жүйе. Әуелгісі кепілдендірілген медициналық көмек. Бұған жедел жәрдем, санитарлық авиация, созылмалы әрі жұқпалы аурулар және стационарлық ем жатады. Бәрі де тегін. Кейінгісі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Оған қымбат операциялар, сирек медициналық қызмет, салалық мамандардың қабылдауы сияқты мүмкіндіктер кіреді. О баста аталған қор қолдау үшін құрылған. Бірақ 3 млнға жуық адам одан тыс қалып отыр. Бұл - Президенттің дерегі. Желі қолданушыларының да уәжі жетерлік.

Ляззат Сүлейменова:

Мен де медициналық сақтандыру төлемінен бас тартқым келеді. Түк пайдасы жоқ. Неге екені белгісіз емханаға қабылдауға барғанда қарыз болып шығамын. Содан тексерістен өте алмадым. Бірақ, кейін борышкер емес екенім анықталады. Бұлай жиі қайталанады.

Райхан Кажибаева:

Мен МӘМС-ке 3 ай төлем жасамағанмын. 2022 жылы қаңтарда терапевтің қабылдауына кіре алмадым.

Жайна Молдабекова:

Осы МӘМС арқылы біздің ауруханалар әлемнің ең үздіктері болуы тиіс, шығар?

Үздіктер сапынан деп салмақтауы орынды. Өйткені, сақтандыру қорына былтыр жарнадан 720 млрд теңге, ал, биыл 320 млрд теңге жиналған. Бірақ, мекеме өкілі «сын түзелмей, мін түзелмейді»,-дейді. Олардың жоспарлы ісіне коронавирус кедергі болған. Тіпті, түзету енгізуге тура келіпті.

Забира Оразалиева, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының департамент директоры:

Әрине ол шұғыл шараларды қолдауды талап етті де ескерілмеген, заңнамада жоқ шығындарға бізді айдап әкелді. Сондықтан бұл жерде түзетулер енгізілу керек болды. Негізі басқа да дерттерді емдеуге бағытталған қаражатты сол коронавирусқа бағыттап жібердік. Әрине, ол жерде былай айтқанда қаржыға қол сұқтық коронавирусқа деп.

Қайткенмен, Қасым-Жомарт Тоқаев тоқ етерін айтты. Үкімет стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруі керек. Ұсыныстар күтеді.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу