Елімізде коронавирус жұқтыру дерегі артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде коронавирус жұқтыру дерегі артты

14.07.2022

Коронавирус бойынша елде ахуал күрделене түсті. Алматы қаласы «қызыл» аймаққа кірудің аз-ақ алдында тұр. Жағдайдың өршуіне тұрғындар мен дәрігерлердің қауіпсіздік шараларын сақтамауы себеп. Осылай деген Мемлекет басшысы мекеме аралық комиссияның жұмысын күшейту қажеттегін айтты. Сондай-ақ COVID-19-ға қарсы вакциналау және ревакцинация науқанын күшейтуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша коронавирус жұқтырғандар көбейіп келеді. Соңғы екі аптада науқастардың саны 30 пайызға артқан. Ревакцинация науқанын жандандырған жөн. Бұл жұмыста ешқандай асыра сілтеу болмауы керек. Шағын және орта бизнестің мүддесін ескерген абзал.

Денсаулық сақтау министрлігі өткен тәулікте қауіпті дертті мыңнан аса адамның жұқтырғанын хабарлады. Бұл соңғы үш айдағы антирекорд. Сырқаттанудың ең көп дерегі Елордада, Алматы мен Шымкент қалаларында тіркелген. Жалпы, пандемия басталғалы індеттің ілмегіне бір миллион үш жүз мыңнан астам адам ілінген. Қазір ауруханада жатқан 14 науқастың жағдайы ауыр. 1 емделушінің өмірі қыл үстінде. Тағы бір науқас өкпені жасанды желдету құрылғысына қосылған. Сондай-ақ, елдің бас санитарлық дәрігері, келесі айда күніне төрт мыңға дейін ауру тіркелуі мүмкін екенін айтты.


Хабарламаларға жазылу