Үкіметтің кеңейтілген отырысында Жаңаөзен жайы да назардан тыс қалмады. «Халық саны көбейген сайын тұрақты жұмыс орындары ашылуы керек. Маңғыстау облысында осы мәселе ескерілмеген»,-деді Мемлекет басшысы. Мұнда жөнсіз жүргізілген көші-қон саясатының салдарынан күрделі ахуал қалыптасып отыр. Тұрғындардың саны артқанымен, әлеуметтік инфрақұрылым салынған жоқ. Жұмыс орындары ашылмады. Тұрмыс сапасы төмендеп кетті. «Жұрт «ҚазМұнайГаз» компаниясына жұмысқа тұрғызуды, жоғары жалақы беруді талап етеді, бәріне бірдей мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру мүмкін емес», - деп атап өтті Президент. Кейінгі 15 жылда Жаңаөзенде мұнай өндірісі 30 пайызға кеміп, жұмысшылар саны 50 пайызға көбейген. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осындай мағлұмат келтірді. Дерекке сүйенсек, Жаңаөзендегі кен орындарының көпшілігі сарқылып барады. Мұнай өндіру азайғанымен, еңбекақы төлеу қоры 10 есе артты. Ал, көп жалақы төленетін үш өңірдің бірі – Маңғыстау өлкесі. Нақты айтсақ, Жаңаөзен орташа еңбекақының ең жоғары деңгейі бойынша көш бастап тұр. Үкімет Жаңаөзенді дамыту үшін арнайы жоспар қабылдады. Республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөліп, салықты азайтты. Осындай тікелей қолдау шаралары еліміздің басқа облыстарының есебінен жасалып отыр. Жұрттың бәріне мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру мүмкін емес. Мұны ашық айтуымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.