Қапшағай көлінде 23 жастағы жігіт суға кетіп қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қапшағай көлінде 23 жастағы жігіт суға кетіп қайтыс болды

07.07.2022

Қапшағай көлінде 23 жастағы жігіт суға кетіп, қайтыс болды. Марқұм - Алматыдағы медициналық университеттің студенті, үндістандық азамат. Ол жағалаудан алыс кетіп, құтқарушылардың ескертуін елемегеннен көз жұмған. Кейін оның денесі айдыннан шығарылды. Сондай-ақ, демалыс күндері жағажайда адам көп болғандықтан, 40-қа жуық бала жоғалған.

Бұл кадрлерде полицейлер 14 пен 16 жас аралығындағы 5 бозбаланы алып барады. Олар ата-аналарының қарауысыз мас күйінде судан шығарылған.

Жалпы, өңірде күн ысығалы жағажайда демалып, суға түсетіндер күрт көбейген. Соның салдарынан күніне 4-10 жас аралығындағы 5-6 баладан жоғалып жатады,-дейді құтқарушылар.

Ерік Байдәулетов, Қалалық орталықтандырылған жағажай құтқару қызметінің жетекшісі:

Әр апта сайын кем дегенде 3-4 адамды құтқарып аламыз. Ал «Баламды тауып беріңіздер» деп күніне бірнеше адам келеді. Біз фотосын бір-бірімізге ватсап арқылы таратып, суға түсіпте іздейміз, мыңдаған демалушылардың арасында жүгіріпте іздейміз. Баланы тауып ата-анасының қолына ұстатамыз".

Міне осындай оқыс жағдайда халық түгел құлақтанатындай орталықтандырылған радиорупор керек дейді,- мамандар. Алайда, оған қаражат бөлінбеген. Қазіргі қолданыста ұстап жүрген құралдар – мегафондар. Күші - 50 Ватт. Қауқары аз құрылғымен жағажайда демалушылардың барлығына хабарлама жасау мүмкін емес.

Әбілхайыр Орынбасар, «Қапшағай тұрғын үй» ЖШС директоры:

Құтқарушылар таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін-ақ қарайды жағажайды. Көп адамдар ішімдік ішеді, көрсетпей ішеді, тығып ішеді. Соның жағдайынан бір-бірін тыңдамайды, ерегесіп қалады. Сондай моменттерде суға батып кететіндер болады.

Жалпы, Қапшағай маңында 140-тан астам демалыс орны бар. Оның жетеуі - қалалық жағажай. Тек соның біреуіне демалыс күндері он мыңдай адам барады. Ал жаз басталғалы суқоймада 5 адамның өмірі тіркелген.

Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу