Қазақстан мен Ресей көпжоспарлы экономикалық байланысты дамытуға ниетті. Бұл тұрғыда экономикалық ынтымақтастықтың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын уақтылы іске асыру керек. Үкімет басшысы Әлихан Смаилов XII «ИННОПРОМ» Халықаралық өнеркәсіптік көрмесі аясында Ресей Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен кездесіп, осылай деді. Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Былтыр екіжақты тауар айналымы үштен бірге өсіп, 24,2 млрд долларға жетті. Бұл – Қазақстан-Ресей саудасы үшін рекордтық көрсеткіш. Биыл да оң динамика сақталуда. Өнеркәсіп саласындағы бірлескен күш-жігердің нәтижесінде 13 ірі кооперациялық және 9 жаңа жоба іске асырылды. Бұл жұмыстың тиімділігін төмендетпеу маңызды. Екі жақ барлық бағыттар бойынша серіктестікті ілгерілетпек. Кездесу барысында Үкімет басшылары сауда-экономикалық, көлік және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара мемлекетаралық байланыс жоғары деңгейде. Мемлекет басшыларының кездесуінде стратегиялық серіктестікті нығайту бағыттары айқындалған еді. Ал Үкіметтің міндеті сол жоспарларды жоғары деңгейде атқару. Биыл өздеріңізбен үшінші рет кездесіп отырмыз. Қазақстан Үкіметі экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша белсенді диалогқа дайын.