Жамбылда қару-жарақты жою кезінде жайылым жерлер өртенді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда қару-жарақты жою кезінде жайылым жерлер өртенді

02.07.2022

Жамбылда әскерилер қару-жарақты жоямыз деп жайылым жерді өртеп алды, дейді тұрғындар. Қызыл жалын 2 мың гектар аумақтың түгін қалдырмаған. Бір айдан бері дүмпуден мезі болған ауыл жұрты жарылыстарды тоқтатуды сұрайды.

Әскерилер қоймадағы қалдық қару-жарақтарды жоямыз деп, Байзақ, Жамбыл ауданының тұрғындарына арнайы хабарлама таратқан. Жайылым іргесіндегі ауыл тұрғындары мен маңайдағы шопандарға да ескертіп, қауіпсіздік шараларын қатаң ұстанамыз деп сендірген. Алайда, соңғы дүпулерден кейін жайылым отқа оранған.

Әбдірахман Қаһарманов, Байзақ ауданының тұрғыны:

Жарылыстан кейін өрт шықты. Өртті өшірген адам жоқ. Бәрін өзіміз жұмылып өшіріп жатырмыз. Жаратын болса, мейлі жарсын. Бірақ қауіпсіздік шаралары деген бар.

Тұрғындардың айтуынша, өртті сөндіруге ешкім асықпайды. Сол себепті де тілсіз жау шаруалардың 2 мың гектар жерін тып-типыл қылған. Енді шопандар әскерилердің әрекетіне күйініп, қару-жарақ қалдығын жою мүлде тиылсын талап қойып отыр. 

Мұрат Бейсембеков, Байзақ ауданының тұрғыны:

Күнде жарылыс болып жатыр. Қауіпсіздік техникасы мүлдем жоқ. Бұл мал шаруашылығына арналған жер, полигон емес.

Ал облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, өрістегі өртке олардың еш қатысы жоқ. Дала өрті әйнек қалдықтарының қызуынан немесе әлдебіреулердің темекі тұқылын тастағанынан деп отыр. 

Мақсат Әкімбаев, Жамбыл облысы Төтенше жағдай департаменті басқармасының басшысы:

Дала өртінің шығу себебі – темекінің тұқымын тастау. Сонымен бірге күннің қатты қызуынан, шишалардың қалдықтарынан, оптикалық жарық беру салдарынан құрғақ шөптің жану оқиғасы орын алуы мүмкін.

Қазір тілсіз жау толығымен сөндірілген. Өрттің неден шыққаны анықталып жатыр. Барлығы 42 гектар аумақты от шарпыған. 

Хабарламаларға жазылу