Алматы: Кәсіпкер аналар әкімдіктен көмек сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы: Кәсіпкер аналар әкімдіктен көмек сұрайды

01.07.2022

Алматыда кәсіпкерлікпен айналысатын аналар әкімдік берген ғимаратты тиісінше пайдалана алмай отыр. Қиын жағдайға тап болған әйелдерді ісмерлікке үйрететін мекемеде жарық жоқ, жылу батареялары да орнатылмаған. Соның салдарынан, көпбалалы аналар күнделікті табысынан айрылған. 

Көпбалалы ана Назгүл Ахметованың "Іскер әйел" орталығын ашқанына үш жыл болды. Он саусағынан бал тамған шебер осы уақытқа дейін 150 әйелді қолөнерге тегін үйреткен. Өз қаржысына тігін машиналарын сатып алған. Мұнда ескі киімдерге жан бітіріп, құрақ көрпе де, қолдорба да тігіледі. Алайда, осы бұйымдарды сатып, нәпақа табуға кедергі көп.

Назгүл Ахметова, Аналарды қолдау орталығының жетекшісі:

Мында біз қалай 2020 жылы көштік, солай жоғардан су ағып тұр, постоянно ағып тұрады. Айтылды, кісілер бар ғой шешетіндер. Айтпай ақ қойыңыздар, бәрін шешіп береміз деп, осылай үндемей жүре бердік. Енді бізге помещение керек қой. Бәріміз нан тауып отырмыз осы пемещениеден.

Аналардың сөзінше, жергілікті әкімдік қаланың қақ ортасынан әдемі ғимаратты бергенімен, ішіндегі жағдайды ойластырмаған. Соның кесірінен нысан тиісінше пайдаланылмай тұр, ал аналардың кәсібі тұралап қалды.

Айнұр Досмұханова, көпбалалы ана:

Бір таныс кісілердің дачасында, яғни, далада десем де болады. Далада тұрып жатырмын. Бір күн жұмыс тоқтап қалса, балаларымыз аш қалады деген сөз. Бір жағы далада қалған сәттерімді ойлап, өзіме қатты әсер етеді да... Сол үшін мына жерге келсек, көпбалалы аналармен сөйлесіп отырып, жұмыс жасауға болатын еді. Бірақ, бұл жерде де свет жоқ.

Әкімдіктегілер осы уақытқа дейін бюджеттен қаржы бөлінбегенін айтты. Алайда, биыл жаздан қалдырмай, аталмыш нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілетініне уәде етті.

Толқын Сәметова, Медеу ауданы бойынша көпбалалы аналарды қолдау орталығының жетекшісі:

Снегинада капитальный ремонт қарастырылып отыр осы жылға. Өздеріңіз білесіздер, бюджеттік жоспарлау әдістері өте созылмалы өтеді. Шілде айында Снегинада ремонттық жұмыстар басталуы керек.

Іскерлікке үйрететін орталық жүздеген әйелдің зейінін ашып, жаңа бастамаларға мүмкіндік берді. Алайда нысандағы күрделі жөндеу жұмыстары біткенше, кәсіпкер аналардың амалдап күн көруіне тура келеді.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу