«АрселорМиттал Теміртаудағы» кісі өліміне жұмыс беруші кінәлі – комиссия - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«АрселорМиттал Теміртаудағы» кісі өліміне жұмыс беруші кінәлі – комиссия

24.06.2022

Теміртаудағы металлургиялық комбинатта болған қайғылы жағдайға 100 пайыз жұмыс беруші тарап кінәлі. Бұл бүгін жария етілген комиссия қорытындысында айтылды.

Еске салайық, 10 маусым күні комбинаттағы цехтардың бірінің төбесі опырылып түсіп, іштегі 5 жұмысшының 4-уі мерт болған еді. Қазір сол өңірдегі тілшіміз Руслан Нұрланұлы бізбен тікелей байланысқа шықты.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

«АрселорМиттал Теміртауға» қарасты металлургиялық комбинатының ескі цех ғимаратында болған қайғылы жағдайға байланысты бүгін комиссия біраз тың деректер айтты. Қауіпсіздік шаралары өрескел бұзылған. 2021 жылы бірнеше плитасы құлап, қауіпті жағдайда тұрғаны белгілі болғанымен, ондағы пешті бұзу кезінде жұмысшылардың қолында техникалық қауіпсіздік құжаты болмаған. Ал компания басшылығы құрылыс фирмасының бұған дейінгі тәжірибесіне сенгендерін сылтау етіп алға тартқан.

Қайрат Қамзин, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы:

Олардың қолдарында ешқандай құжат, ешқандай жоспарлары болған жоқ. Өндірістік мекемелерде технологиялық карталары болған жоқ. Басшылары тапсырма беріп, барасыңдар, жұмыс істейсіңдер, демонтаж жұмыстарды бастайсыңдар деген. Бастаған бүкіл жұмыстарды. Цехтың жағдайы апат алдында болған, пеш те ескі.

Қазір қайғылы жағдай болған ескі ғимарат толық консервацияланған. Алдағы уақытта нысанныңқаншалықты пайдалануға жарамды екені, жөндеуге келер-келмесі нақтыланған құжаты дайын болмайынша ішке ешкім кіре алмайды.

Жалпы осы іске байланысты кінәлі деген күдікпен екі адам қамауға алынған. Олардың үстінен «құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік шараларын бұзу , абайсызда екі немесе оданда көп адамның өліміне әкеп соқтыру» деген бап бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр. Тергеу жалғасуда.

Хабарламаларға жазылу