Құрылтай: Президент Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның еңбек ері» атағын беріп, «Отан» орденін тақты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрылтай: Президент Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның еңбек ері» атағын беріп, «Отан» орденін тақты

19.06.2022

Ұлытауда өткен құрылтайға тоқталсақ. «Ұлытау – ұлт ұясы» деген ұғым Сақ заманынан бері қалыптасты-мыс. 2600 жыл бұрын Тұмар патшайым Парсыларға қарсы Ұлы шайқасқа әуелі Ұлытау етегінде жиналып, аттанған деген дерек бар. Жалпы, азаттық үшін талай күрестің куәсі болған Ұлытау...

Академик Қаныш Сәтбаев: «Бұрынғы уақытта Ұлытау Қазақстанның саяси өмірінің орталығы болған. Қазақтың Алаш, Ақназар, Абылай, Кенесары сияқты атақты хандары Ұлытауды мекен еткен. Бұған таудың жаратылысы жағынан өте әдемі және Қазақстанның географиялық орталығы болуы себеп. Ұлытаудың саяси-экономикалық маңызын орыс отаршылдары да білген. Олар XIX ғасырдың 30-жылдарынан бастап тауды табандап мекен етуге тырысқан, әскерлерін әкеліп орналастырған. Бірақ, жергілікті қазақтар елі соларға шабуыл жасап, тыныштық бермеген», дейді. Ел тағдырына қатысты кеңестер де осы Ұлытауда жиі өткен. Қазақ хандарының ізі қалған мекенде құрылтай өтуін Қасым-Жомарт Тоқаев былай түсіндірді: «Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз».

Енді құрылтайда қабылданған шешімдерге келсек. Егемендігіміз туралы декларация қабылданған, бірақ соңғы жылдары еленбей қалған «Республика күніне» ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды. Тасада қалып қойған қазан айындағы мейрамның орнына «ерекше аталып жүрген Тәуелсіздік күні ше?» деген сауал туындайды. Мереке қала береді. Тек «Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», - деді президент.

Ойға бірінші кезекте желтоқсан ызғарына қарамай, азаттықтың ақ таңы үшін күрескендер оралады... Солақай саясат жастарды «ұлтшылдар» деп, аяусыз қантөгіспен басып тастады. Екі жылдан кейін 1988 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында сол кездегі депутат Мұхтар Шаханов «Аралдың тағдыры туралы айтамын» деп, Бас хатшы Горбачевті көндіріп, Мәскеудің биік трибунасынан осы Желтоқсан оқиғасына саяси баға беру туралы мәселе көтерген еді. Шаханов сол жастарды қызғыштай қорғап, шырылдаған аз қазақтың бірі болды.

Әділдіктің үстемі әрқашан биік болатыны рас шығар. Құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның еңбек ері» атағын беріп, «Отан» орденін тақты. 2 шілде – ақынның туған күні, 80 жасқа толады. Мерейтойға орай ақпанда «Апта»-дан Шаханов туралы сюжет шыққан еді. Ақынның сол сұхбатынан үзінді...

Мұхтар Шаханов, Қазақстанның халық жазушысы, ақын:

Бейбіт шерушілерге қарсы саперлік күректер, қызметтік иттер қолданылған. Қыздарды таяқшалармен, керзі етіктермен ұрған. Мұны бәрі жалпыға мәлім шерулер, митингтер бойынша жарлық шыққанға дейін болған. Шерушілердің ішінде қанша адам құрбан болғаны қоғамнан әлі жасырылып отыр. Толық емес мәліметке сай, 2 мыңға жуық адам қамауға алынған.

Мұхтар Шаханов, Қазақстанның халық жазушысы, ақын:

Шындық кәусар ақындыққа болу керек асыл ән,

Шындықты айтып ер Махамбет айырылған басынан.

«Ақындар аз сын сағатта сөзден ісі зорайған»,

Десек-тағы «Абай қашан жол іздепті оңайдан?»

Ерте ме, кеш пе, менің де заманым кетеді. Мен тек шындық үшін күресіп келе жатырмын. Сол міндетіммен қаламын!

Дулат Исабеков, жазушы, драматург:

Еңбектің осылай бағаланғаны қандай әділдік?! Еңбектерін бойымызға, қанымызға, санамызға сіңіріп, оқи алсақ, Мұхтар бір емес,бірнеше ғасырға жететіндей шығарма тастап кетті осы уақытқа дейін. Ең жемісті еңбек еткен, саясаттан да, қоғамдық өмірден де еш уақытта қол үзбеген, нағыз ақын ретінде басын қатерге біліп тұрып, тіккен адамдардың бірі - Мұхтар.Сондықтан барлық жағынан келгенде, оның "Еңбек ері" атануы орынды деп есептеймін.

Елдік, ұлттық, тілдік және өзге де рухани күрестерде табандылық танытқан Мұхтар Шаханов ұстанымынан еш тайған емес. Дара тұлға қазақ халқының мәртебесін, ана тілін асқақтату тұрғысында аянбай еңбек етті. Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің өзі: "Мұхтар Шахановтың түйсігі – таза ақындық пайым-парасат пен ұлттық санаға терең тамыр жіберген, жалғандыққа жаны қас, шыншыл түйсік", - деп жазды. Ал замандасы, жазушы,драматург Дулат Исабеков: "Мұхтар Шахановтың ел тағдырын толғаған табанды күресі, қайсарлығы бәрінен биік. Ұлытау төрінде Президенттің ең жоғары дәрежелi марапатты табыстауы - соның айғағы", -дейді.

Оның алдында белгілі композитор Шәмші Қалдаяқовқа да осы атаққа ие болды. Әнұранымыздың авторы, «Қазақ вальсінің» королі Шәмші Қалдаяқов Мұхтар Шахановпен етене араласқаны белгілі. Қос дарынның достығы халыққа талай туынды алып келген еді. «Өмір-өзен», «Арқалықтың ақ таңы», «Сүймегендер сағынбайды»...


Хабарламаларға жазылу