Президент: Отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүргендер құрметке ие болуы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүргендер құрметке ие болуы керек

19.06.2022

Қарағандыдан 520 шақырымда жатқан Жезқазған қаласы – енді жаңадан құрылған Ұлытау облысының орталығы. Облыстың қайта құрылуы аймақтағы ағайынға жаңа үміт берді. Халық талай жылдан бері шешімін таппаған маңызды проблемалар енді ескерілер деп сенеді.

Ақерке Бектас, тілші:

Себебі 25 жыл бұрын облыс орталығы мәртебесінен айырылған аймақтың қазіргі ахуалы мәз емес. Мына екі мұржадан мыс балқыту зауыты мен жылу электр орталығының күкірті пен азот диоаксиді көп мөлшерде ауаға тарайды. Өндірістік қуаты артқанымен, өңірдің экологиясы нашар, ауыз су мәселесі әлі өзекті, жолдардың да сапасы жақсара қоймаған. Өңір өндіріске байлаулы, шикізатқа тәуелді. Бірақ сарқылмайтын қазына жоқ. Сондықтан экономиканы әртараптандыру қажет. Мысалы, мұнда сауда-логистиканы дамытуға мүмкіндік көп. Бірақ республикалық дәрежедегі жолдар тозып кеткен. Экономиканың дамуын тежейтін де сол. Президентке баяндама жасаған Ұлытау облысының әкімі осының салдарынан транзиттік көлік қатынасы азайып, тауардың қымбаттап кеткенін айтты.

Жезқазғанда шамамен 91 мыңға тарта адам тұрады. Қаладағы баспананың 33 пайызы ескірген, апатты жағдайда. Берік Әбдіғалидің айтуына қарай, үйлерді жаңарту бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Биыл және келер жылы қаланың жаңа ауданында көп қабатты 20 үй салынады. Өңірде проблема аз емес. Өзгесін айтпағанда халықтың тіршілік нәрі таза ауыз суға да қолы жетпей отыр.

Бұл мәселені тез арада шешуді Президент былтыр өңірге келгенде тапсырған. Бірақ Үйтас – Айдос су құбырының құрылысы 2025 жылы бір-ақ аяқталады. Ал Есқұла құбырымен қалаға су тарту келер жылы басталады. Жезқазғанның қазынаға толы қойнауын «Қазақмыс» игеріп отыр. Өндірістің экологияға зияны жайлы айтпаса да түсінікті. Жауапкершілікті ескеріп, «Қазақмыс» 25 млрд теңге бөлген. Бірақ алда атқарылатын іске бұл – мардымсыз. Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақмысқа» көбірек қаржы бөлу туралы ұсыныс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Облыс әкімінің өңірді дамыту туралы жоспарын тыңдадыңыздар. Әлеуметтік мәселелер шешімін табуға тиіс. «Қазақмыс» компаниясын осы іске белсенді түрде атсалысуға шақырамын. 25,4 миллиард теңге мұндай ауқымды жұмыстар үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Қаржыны ұлғайту мүмкіндігін қарастырған жөн. Әлеуметтік нысандардың құрылысына көмектесу қажет. Спорт ғимараттары керек. Жергілікті халық үлкен үміт артып отыр.

Жезқазғанның жағдайымен танысқан Президент негізгі проблемаларды шешуге күш салуды тапсырды. Осыдан кейін Ұлытаудың басында Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысын өткізді.

Ел тағдырын айқындаған маңызды кеңестерді енді Ұлттық құрылтай жалғайды. Жиынға 100-ден аса сан түрлі саланың, әр буынның өкілі келіп, ой қосты. Соның бірі – белгілі математик Асқар Жұмаділдаев. Академик мемлекеттік жүйеде сөз бен істің жақын болғанын қалайды. Жалаң ұран, жалған уәдеден халық шаршаған. Әсіресе кешегі «қаңтар» бүгінге сабақ болуға тиіс деді.

Асқар Жұмаділдаев, физика-математика ғылымдарының докторы, Ұлттық құрылтайдың мүшесі:

Біз мәңгілік деген сөзді көп айтып кеттік. Мәңгілік ел деген неше жыл? 20 жыл ма? 30 жыл ма? Кеше қаңтарда осы сұрақ көлденеңінен қойылды. Көшеге жастар шықты. 99 пайызы – 20 мен 30-дың арасындағы қазақ жастары . Бәрі тәуелсіздіктің ұрпақтары. Бәрі де «мәңгілік елде тұрып жатсыңдар» дегенді жүз рет естіген жігіттер. Неге бұлай болды? Менің ойымша, біз осыдан сабақ алуымыз керек.

Тарихта ашылмаған ақтаңдақ беттер, айтылмаған ақиқат аз емес. Соның бірі – Алаш қозғалысы. Оның үстіне биыл Алаш Орда үкіметіне 105 жыл толып отыр. Құрылтайда Әлихан Бәйменов Алаш қозғалысына саяси баға беруді ұсынды.

Әлихан Бәйменов, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитет төрағасы, Ұлттық құрылтайдың мүшесі:

Тарихтағы ақтаңдақтар санадағы ақтаңдақтарға айналатынын ескере келе өткен жүйелер мен оқиғаларға әділ бағалау маңызды. Осы ретте тиісті мемлекеттік комиссия Алаш қозғалысына саяси баға берсе, қоғамдық сана бір серпіліп қалар еді.

Сан түрлі салаға қатысты ұсыныс айтқан азаматтардың ортақ ойын Президент түйіндеді. Алдымен Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырды. Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртып жатқандар аз емес. Бірақ бұл жеткіліксіз. Көк байрағымыз қасиетті өлкеде асқақтап тұруға тиіс. Мемлекет басшысы адал еңбектің қадірін білмей, атаққұмарлықтан арыла алмай жүргендерге де қарата пікір айтты. Қоғамды еңбек адамын қадірлеуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам – ең сыйлы адам болуға тиіс. Отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болу керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылдағы айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді. Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс.

Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Мұнда халықтың үні естілуге тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев Qurultay мобильді қосымшасын әзірлеуді ұсынды. Сол арқылы халық ой-пікірін онлайн режимде айта алады. Тағы бір өзекті мәселе тарихқа қатысы. Өткен тарих - шынайы бастысы, тәуелсіз елдің көзқарасымен жазылуы керек. Президент бұл істі ғылым және жоғары білім министрлігіне айрықша қадағалауды тапсырды. Құрылтайда атаулы күндерге байланысты маңызды мәлімдеме жасалды. Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды. Бұдан Тәуелсіздік мейрамының мәні өзгермейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің Тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек.

Қоғамда «Шенеунік» сөзінің жағымсыз ұғымға айналып бара жатқаны жасырын емес. Президент кадрларды біртіндеп ауыстыруды тапсырды. Бірақ бұл мемлекеттік қызметте адал маман аз деген сөз емес. Қасым-Жомарт Тоқаев олардың еңбегін жоққа шығармауға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлеуметтік желіде «Ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ, негізінен кадрларды біртіндеп ауыстыру керек. Тіпті, кезінде Ресейде, Қытайда, Иранда болған революциялардан кейін де бұрынғы режимнің шенеуніктері мемлекеттік қызметін жалғастырған. Бұл елдермен салыстырғанда біздегі жағдай, әрине, мүлде басқаша. Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек.

Құрылтайда мемлекеттік тілдің мәртебесі, латын әліпбиіндегі кемшіліктерге қатысты да пікір айтылды. Бастысы – бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасау қажет.

Ақерке Бектас, тілші:

Бастысы халықтың сөзі билікке ықпалды болу қажет. Президент әрбір азамат саяси өзгеріс пен экономикалық өсімнің жемісін көруі керек деп шегеледі. Өзгерістің бәрі әділетті қоғам құруға үміт береді. Оның үстіне әлемдік геосаяси жағдай күрделенген бұл уақыт ұлт тұтастығының құнын жоғалтпай, бірлікті сақтаудың аса маңызды екенін тағы бір еске салғандай.

Ақерке Бектас

Хабарламаларға жазылу