Украина газ бен көмірді шетелге экспорттаудан бас тартпақшы. Осы аптада Владимир Зеленский ел үкіметі келесі жылыту маусымына дайындық бойынша штаб құрғанын мәлімдеді. Мамырдың соңында атыстардың салдарынан магистральды құбырға зақым келіп, Донецк пен Луганск облыстарына газ жіберу тоқтатылған еді.
Әлемді энергия тапшылығы күтіп тұрғанын бұған дейінгі эфирлерімізде де айттық. Қасым-Жомарт Тоқаев Теңіз кен орнының акционерлеріне экспорттық газдың 2 миллиард текше метрін ішкі нарыққа қайта бағыттауды тапсырды. Әрі Қашағанда қуаттылығы 1 миллиард текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысын тездетіп қаржыландыру керек. Елімізді газбен қамту 53 процентке жетті. Көмірді тұтынуды біртіндеп азайтып жатырмыз. Энергетикалық дағдарыс бағаға әсер етпей қоймайтыны анық. Елімізде шілдеден бастап сұйытылған газ бағасы қымбаттайды. Энергетика министрлігі келесі жылға дейінгі шекті бағаны бекітті. Бұйрықта «Ішкі нарықтағы сұйытылған газдың шекті бағасы 2022 жылғы 1 шілдеден 2023 жылдың 30 маусымын қоса алған кезеңге 1 тоннасы үшін 33 600 теңге мөлшерiнде бекітілсін. Бұл – тауар биржаларынан тыс өткізілетін және құн салығын есепке алмағандағы газдың шекті бағасы», - делінген. Қазір 28 000 теңгеден сатылып жатыр.
Сонымен қатар электр энергиясы мен көмір құны да өсуі мүмкін. Жыл соңына дейін Богатырь-Көмір разрезіндегі көмір 30%-ға қымбаттауы ықтимал.
Сондай-ақ осы аптада Болат Ақшолақов атом электр стансасы салынатын орынды нақтылады. «Нақты орын емес, орналасатын өңірге қатысты ведомствоаралық комиссия өткіздік. Қалай десек те, ол Балқаш көлі маңында орналасады. Бұл - Алматы облысындағы Үлкен ауылының төңірегі. АЭС салынатын жерді айқындадық» - деді энергетика министрі.
Әзірге жоба құны белгісіз. Есеп жүргізу үшін алдымен технология анықталмақ. Бұл жұмыс келесі жылға қалдырылып отыр.
Юрий Шейкин, Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты:
Баяғыда біз сол жас кезімізде келгенбіз, стройкада жұмыс істейміз, тұрамыз осы жерде деп. Енді өзіңіз көрдіңіз бе пенсияға жеттік, әлі жоқ. Өзгеріс көп болады. Жұмыс орындары болады. Көп адамдарда жұмыс жоқ. Көріп жүрміз балықпен айналысып жатыр.
Гүлнар Асанова, үлкен ауылдық орта мектебінің мұғалімі:
Біз өзіміздің елімізде, жерімізде шығып жатқан, артығымен шығып жатқан уранды өз қажетімізге жаратуымыз керек. Бұл біріншіден. Екіншіден кез-келген дамыған елдің қатарына енуіміз үшін бізге атом электр станциясы керек деп ойлаймын. Тәуекел деп өскен қазақпыз ғой. Тәуекелге бел буып, осы елімізде атомный станциясының болғанын бәріміз қолдайық деп ойлаймын.