Референдумнан кейін не өзгереді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Референдумнан кейін не өзгереді?

12.06.2022

«Рейтерс», «Бибиси» сияқты алып корпорациялар Қазақстандағы саяси науқан жайлы көлемді материалдар берген. Deutsche Welle, яғни «Неміс толқыны» басылымы «Жаңа Қазақстан қандай болады?» деп, референдумнан кейін не өзгеруі тиіс екеніне тоқталыпты. Материалда Фридрих Эберт атындағы Қазақстан мен Өзбекстандағы аймақтық қордың директоры Кристоф Мордың мынадай пікірі бар: «Ондаған жылдар бойы Қазақстанда экономикалық даму байқалды, бірақ оның қызығын тек таңдаулы топ көрді. Ресурстар мен әлеуметтік игіліктердің тең бөлінбеуі қаңтар айында Қазақстанның бірнеше қаласында соңы тәртіпсіздікке ұласқан толқуларға алып келді». 

Францияның AFP ақпараттық агенттігі де қаңтар трагедиясын еске алып, салдарына басымдық берген. Иә, қаралы қаңтарда да жаһан назары Қазақстанда болған еді. 

Жалпы, қарап отырсақ, 2019-шы жылдан бері елімізге оңай болмапты. «Төтенше жағдайлар біраз былықтың бетін ашты» деп жүрдік. Оның ішінде Арыстағы жарылыс, Қордайдағы қақтығыс, одан кейін Жамбылдағы жарылыс. Ал қаңтар әділетсіздіктен әбден қалжырап, ызаға булыққан әлеуметтің хәлін тұтас көрсеткендей. Сондықтан да «референдум» дегенде қасіретті ай да қатар жүреді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев саяси науқан өтісімен, келесі күні халыққа үндеу жасап, былай дейді: «Еліміздің экономикалық ресурстарын шағын ғана топтың қолына шоғырландырып, оларға артықшылық берген заңнаманы қайта қарау қажет». Сөйтіп, қаңтардағы оқиғадан кейін ірі бизнесмендермен кездесуде олигархтарға айтылған ауызша ескерту Жарлыққа ұласты. Дәл референдум өтіп жатқан күні Қасым-Жомарт Тоқаев елден заңсыз шығарылған қаржы мен активтерді қайтару үшін мекемеаралық комиссия құрды. Бұл жайлы алда «Апта» қонағымен сұхбаттасамыз. Әзірге референдумның қорытындысы бойынша Амангелді Сейтханның материалы.Референдум - демократия мен саяси теңдікке жетудің тиімді жолы саналады. Елімізде мұндай саяси шара екінші рет өтті.

1995 жылы 30-тамызда жаңа Конституцияны қабылдау үшін болған референдумға 8 миллионнан астам азамат қатысқан. Олардың 7 миллион 210 мыңы, яғни 89,1 пайызы қолдаған. Ал, осы жолы дауыс беруге құқылы 11 млннан астам адамның 8 млнға жуығы қатысты. Оның 77 пайызы саяси өзгерістерді құптады.

Дәурен Пірімбетов, саясаттанушы:

Бұл 70 пайыз үлкен көрсеткіш. Көптеген дамыған мемлекеттерді алсаңыз да, 50 пайыздан асса қуанады. Әрине бұрынғыдай 90 пайыз емес, бірақ бұл үлкен билікке сигнал. Міне бердік, Дауыс бердік. Конституцияны өзгертуге рұқсатымызды бердік.

Ержан Ибраев, саясаттанушы:

70 пайыз әрине бұл қазіргі мына халықтың саяси құқықтық мәдениеті көтерілу жағдайында шынайылыққа жақын көрсеткіш деп есептеймін.

Дәурен Пірімбетов, саясаттанушы:

Референдумның өтуі бұл символикалық маңызға ие болды. Өйткені, бұған дейінгі болған конституциялық өзгерістердің барлығы бұл парламенттің отырысында мақұлданып қабылданған. Халықты оған ат салыстырмаған болатын. Бұл референдумның маңызы осындай болды. Яғни, билік өз алдындағы үлкен реформаларды жасауда, халық оны қолдай ма, қолдаса қаншалықты қолдайды, міне осыны білгісі келді.

Референдум халықтың саяси көңіл-күйінің көрсеткіші. Сондықтан, дауыс берушілердің 18 пайызы «жоқ» дегенді таңдауы билік өкілдерін ойландыруы тиіс дейді,-саясаттанушылар.

Ержан Ибраев, саясаттанушы:

Сарапшылар бұл неліктен осындай нәтиже болғандығын төңірегінде белгілі бір зерттеулерін жүргізуі керек деп есептеймін. +06:18 Мысалы әрбір баптар бойынша, кейбір баптар бойынша кейбір азаматтар келіспеуі мүмкін. Бізде бір ғана бапты қарастырып жатқан жоқпыз ғой. Конституцияның 33 бабы бар. Соның бір бапқа келісуі мүмкін, кейбіріне келіспеуі мүмкін, сол кезде қарсылық білдірген шығар.

Еламан Елемес, саясаттанушы:

Азаматтардың референдумға белсенділік танытып қатысуы ол олардың реформалар мен жаңаруларға дайын екенінің бірден бір көрсеткіші. Шыны керек, соңғы 10 жылдықта елімізде саяси обсентризм белең алып, халықтың саясатқа бей-жай қарауы, енжарлық танытып сайлауға қатыспау сияқты үрдістер артқан болатын. Бірақ, +халық өзгерістерді күтеді. Және бұл билікке берілген үлкен белгі. Біз халық өзгеріске дайынбыз, әрдайым қолдаймыз.

Тағы бір дерек, референдумға қатысқандар саны әлеуметтанушылар болжаған көрсеткіштен асып түсті. Алдын ала жасалған зерттеулерде 66 пайыз болады деп болжанған. Бірақ, халықтың 70 пайыздайы қатысты.

Біздің қоғам Президентке және оның Қазақстанды өзгерту жолындағы бастамаларына сенеді. Өткен 30 жылдың тәжірибесіне талдау жасап, бұған дейінгі қателіктерді қайталамай, елді дамытудың реалистік және биік мақсаттарын белгілей отырып алға жылжитын уақыт.

Еліміздегі референдум өткізу тәртібін қадағалауға 272 халықаралық байқаушы келді. Олар демократия талаптары сақталғанын айтты.

Леонид Анфимов, ТМД байқаушылар миссиясының төрағасы:

ТМД дан келген байқаушылар 865 референдум учаскесіне барды. Байқаушылардың кедергісіз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Референдумның нәтижесіне әсер ететіндей бір де бір заң бұзушылық байқамадық. Қорыта айтқанда Референдум барлық заңдылықтарды сақтай отырып жасалды.

25 мемлекеттегі 11 ұйымнан келген байқаушылар референдум комиссиясының референдумды өткізу жұмысын да қадағалады.

Чжан Мин, Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы:

Қазақстан тарапы өзінің талаптарын толық орындады деп есептейміз. Конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдум халықаралық стандарттар мен Қазақстанның сайлау заңнамасына сай өтті. Референдум барысында ешқандай заң бұзу анықталмады. Миссия Қазақстандағы референдумды ашық әрі әділ, демократиялы түрде өтті деп есептейді.

Саяси шара әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының да назарында болды. 200-ден астам шетелдік журналист ақпарат таратты.

Нино Мешвелиали, «Гза Момавлиса» журналының бас редакторы:

Тұрғындармен кездесіп, сұхбат алғанда олардың референдум туралы көп білетінін байқадым. Әсіресе жастар бүгінгі саяси науқанның маңызын терең түсінеді. Бұл өте жақсы ғой.

Осылайша, «5-ші маусым тәуелсіз Қазақстанның саяси өмірінде тарихи күнге айналды». Аптаның алғашқы күні референдумды қорытындылап халыққа үндеу жасаған мемлекет басшысы осылай деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Конституциялық реформалар қоғамда қызу талқыланды. Дауыс беру барысы демократия талаптарына сай өтті. Ешқандай мәжбүрлік болған жоқ. Референдум нәтижесі саяси жаңғырудың анық символына айналды. Біз Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміз бекем екенін көрсеттік. Конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертеді. Бүкіл қоғамның дамуына тың серпін береді.

Ата заңға өзгерістер енгізу президент ұсынған реформалардың басталғанын білдіреді. Ал, халықтың көкейінде жаңа конституция қашан күшіне енеді, өзгерістерді қашан көреміз деген сұрақ бар.

Аян Сакошев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Шешім нақты шыққаннан кейін бұл өзгерістер қабылданды деп саналады. Оған парламенттің, президенттің, үкіметтің шешімдері қажет емес. Тек қана референдумның нәтижесі бар. Соның аясында енгізілді деп саналды.

Бірақ, сол өзгертулер мен толықтыруларды жүзеге асыруға біраз уақыт керек. Ол үшін 20 шақты заң қайта қаралады. Оның ішінде сайлау мәселесі, жергілікті өкілетті органдарға қатысты анықтамалар бар.

Серік Ақылбай, Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы:

Бұл тек қана конституциялық өзгеріс. Одан ары қарай жұмыс артады. Менің ойымша осы жылдың аяғына дейін толығынан конституциялық заңдар, жай заңдар, құқықтық-нормативтік актілер қабылданып бітеді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Референдум өтті. Ал, соның нәтижесінде жасалатын реформалардың алдында еле адал және ашық саяси бәсекелестік орнату, азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейту міндеті тұр. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін кешенді күшейту талабы бар. Бастысы, бұл өзгерістер халық өмірін жақсартуы тиіс. Ал, мемлекет басшысы оған қатысты қыркүйек айында парламенттің кезекті сессиясында сөз сөйлейді. Сол жиында елді дамыту бойынша нақты шешімдер жарияланады.

Аманкелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу