Ералы Тоғжанов: Алдағы 4 жылда елде 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ералы Тоғжанов: Алдағы 4 жылда елде 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады

26.05.2022

Алдағы 4 жылда елде 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл туралы Сенатта "Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі" бағдарламасын талқылау кезінде Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді. Бюджеттік мекемелерде еңбек ететін 850 мыңнан астам қызметкердің жалақысы өседі. Бұған қоса, халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарының тұрақты табысын қалыптастыру бойынша шаралар қамтылып отыр. Көп балалы, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға үй жағдайында табыс табуға жағдай жасалады. Жоба аясында әйелдер еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстардан өтеді. Өз ісін ашу бойынша тегін кеңес алады. Нәтижесінде жыл сайын 20 мың әйелді жұмыспен қамту жоспарланған.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
«Сонымен қатар, жұмысқа жарамды мүгедектігі бар адамдарды да қарастыратын боламыз. Олардың ішінде 30 пайызын қамту жоспарлануда. Қазақстан бойынша олардың саны 770 мың. Оның ішінде 400 мыңға жуығы еңбекке қабілетті деп ойлаймыз».

Бағдарлама аясында 1 млн-нан астам қызметкердің еңбекақысы өседі. Бұдан бөлек, мемлекеттен қолдау көріп отырған ірі бизнес кәсіпорындарында жұмыс істейтін 3 млн-ға жуық адамның орташа жалақысы артады. Бағдарламаның бір бағыты – жастар мен жас кәсіпкерлерді қолдау. Жыл сайын еңбек нарығына 300 мың жас маман келеді. Сенат төрағасы оларды жұмыспен қамтуға басымдық беру қажеттігін айтты. Сонымен қатар, тиісті еңбек және білім беру саясатын жоспарлап, жоғары оқу орындары мен колледж түлектерінің біліктілігін арттыру керек. Мәулен Әшімбаев халықтың табысын арттыру – стратегиялық міндет деді. Барлық жаңғыру реформаларының табысты болуы да оның сәтті жүзеге асуымен тікелей байланысты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
«Азаматтар жағдайының жақсарғанын нақты сезіну керек. Ендігі жерде бөлінген қаражатты игерсек болды деген бұрынғы тәсілдер жұмыс істемейді. Сондықтан жобалық тәсіл қағидатын енгізіп жатқандарыңыз құптарлық дүние. Табысты арттыру бағдарламасының тағы бір міндеті – инфляцияны ауыздықтау екенін де ұмытпауымыз қажет.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу