Ертең Бішкек қаласында Орта Азия аумағы үшін маңызды дипломатиялық шара болмақ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елге ресми сапармен барады деп күтілуде. Бішкектегі кездесулер барысында қос елдің қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеру көзделіп отыр.
Мамырдың аяғындағы Бішкектегі мамыражай тіршілік қарбалас тірлікке ауысып отыр. Себебі Қырғыз елінің астанасына бауырлас әрі ең ірі сауда-экономикалық серіктес мемлекеттің басшысы арнайы ат басын бұрып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров ертең сан түрлі салаға қатысты ауқымды келіссөздер жүргізеді деп күтіліп отыр. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе туысқан елдер арасындағы бекем байланысты одан сайын күшейту мәселесі болмақ.
Ауылы аралас, қойы қоралас қазақ пен қырғыз ежелден құдандалы, жекжат халықтар. Бүгінде Қазақстан Қырғыз елінің ең ірі экономикалық әріптестерінің бірі. Соңғы 15 жылда 1 млрд доллардан астам инвестия құйған. Қос елде бірлескен 600-дей кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Жыл санап алыс-беріс көбейіп келеді.
Асқар Сыдықов, Халықаралық іскерлік кеңестің атқарушы директоры:Қазақстанның өлке басшысының визитінен көп кутуулеримиз бар. Себеби биздин чекарадағы коптеген жук тасуушыларымыздың мәселелери дайылғы чечилилек. Қазақстанда баарымыз билетіндей көп миллиардты, чоң экономика. Бизге ошы бауырлаш олкеден қызыққандар арбын. Абдан коп. Миллиондап емес, миллиардтап саламыз деген ойлар айтылып журеді.
Бүгінде Орталық Азия елдеріне ортақ мәселе су болып отыр. Трансшекаралық өзендердің көпшілігі Қырғыздың таулы өлкелерінен бастау алады. Көктем-жаз айларында шаруалар судан тарығатыны бар. Ал Қырғызстан тарапы өзеннің арқасында өзімізді электр тоғымен қамтып отырмыз. Әйтпесе жарықсыз қаламыз дейді. Дегенмен бауырлас елдер әрдайым келісім жасап, ортақ мәмілеге келетін. Сарапшылар бұл мәселені де түбегейлі шешуге әбден болады деп отыр.
Эльдар Абакиров, экономист:Қырғызстан өзінің свет мәселесін шеше алса онда Қазақстанға уағынд су толтырып, беруге мүмкіншілік болады. Аны учун Қырғызстанға Қамбар Ата1 ГЭСін салуш керек. Айткені Қырғызстанда Тоқтоғул 20 млрд суды топтойд. Бул Қырғызстанға, Қазақстанға, Өзбекстанға, Тәжікстанға баарына да жетед.
Бауырлас елдер өзара ықпалдастықтың кез келген бағытын жедел әрі байыппен қарастыруға мүдделі. Ертең тараптар қос елдің байланысын жаңа деңгейге көтеретін он шақты мемлекет аралық құжатқа қол қояды деп жоспарланып отыр. Қазақ пен қырғыздың саяси, сауда-экономикалық, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда бірлесе атқаратын шаруасы көп.
Шерхан Жамбылұлы