Орал тұрғындары: 20 жыл бойы әлеуметтік проблемалар шешілмей келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орал тұрғындары: 20 жыл бойы әлеуметтік проблемалар шешілмей келеді

23.05.2022

Оралда ондаған жылдар бойы тұрғындардың әлеуметтік мәселелері оң шешімін таппай келеді. Осы жолы «Кең дала» және «Көктем» шағын аудандарының тұрғындары жиналып, жергілікті биліктен жол, жарық, балалар алаңын салып беруін талап етті. Құрылғалы 20 жыл болған аудандардың өзекті проблемалары әкімдер ауысқан сайын сол күйі ұмыт қалады дейді көпшілік.

Суы сарқырама боп ағып жатқан бұл - Жерұйық көшесі. Жаңбыр жауса, көше суға толып, айнала ми батпақ болады. Қос шағын ауданда 22 көше бар. Жиырма жылда соның тек сегізіне асфальт төселген.

Ерболат Хайруллин, қала тұрғыны:
Балшығы мына жердің жабысып алса, айырылмайды. Балаларымыз жүре алмайды. Автобус жоқ. Анау Қамбар батырға дейін балдарды жеткізудің өзі мұң. Су жүретін арық жоқ.
Рухан Құлбаев, қала тұрғыны:
2009 жылдан бастап осы ауданда тұрамын. 2016 жылдан бастап әкімдікке хат жаздық. Жауап «қазір қарастырамыз, жобалық сметаға ұсынып жатырмыз, биыл саламыз, осы күзден бастап саламыз» дейді. Бірақ ол кісілердің бәрі уәде берді. Одан кейін астанаға кетті әкім болып, одан кейін үкіметке кетті басшылыққа.

Әкімдер кетті, ал мәселе сол күйі қалды. Қаладағы ең ірі осы Зачаган кентінде 60 мыңға жуық адам тұрады. Көшелерде қыста қар күрелмейді, күз-көктемде қырып тегістелмейді. Өзге де қордаланған мәселе көп.

Шамшырақ Қожанқызы, қала тұрғыны:
Светке қосылған, бірақ шамдары жанып кеткен. Соны қалпына келтіруге болады ғой. Қап-қараңғы, әсіресе, қыс мезгілінде балаларға қиын. Иттер көп. Балдар қорқады. Сосын балалар алаңы жоқ ойнайтын. Шаң-шаң болып, топырақ жерде футбол ойнайды.

Кенттік округтегі 114 көшенің 70 пайызында жол жоқ. Тұрғындар өз күшімін ақша жинап, бірі әктас, бірі қиыршық төсеп, лекерлеген. Бірақ онысы көп ұзамай, батпаққа жұтылып кетеді.

Асылжан Хайруллин, Зачаган кенті әкімінің орынбасары:
Баян сұлу мен Жерұйық көшелерінің жөнделуіне жобалық-сметалық құжаттама жасақталатын болады. Екі көшені жобалауға 3 млн теңге қаражат қажет. Жарық мәселесі екінші деңгейлі көшелерге тұрғындардың өтінішіне сәйкес «Жайық жарығы» ЖШС-мен жұмыс жүргізудеміз.

Ал балалар алаңын салуға жер телімі іздестіріліп жатыр дейді жауаптылар. Алты жылдан бері арызданып келе жатқан тұрғындар енді мәселені қаланың жаңа әкімінің есебінде кезекті рет көтермек.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу