Газбен қамтудың 3-ші кезеңі басталмақ
Энергетика министрі алғаш рет халықпен кездесемін деп алданып қалды. Астана аймақтық электр желілік компаниясында өткен жүздесуде негізінен қызметкерлер отырды. Бірақ, Болат Ақшолақов келесіде тұрғындармен қайта жолығуға уәде етті.
Кездесуге тұрғындар емес, кеңсе қызметкерлері келді. Киім киісі мен жүріс-тұрысынан-ақ ажырату қиын емес. Зал да тар. 140 орындық. Халық арасынан бірен-саран ғана адам бар.
Дегенмен мәселе көтерілді. Өзекті. Күлтегін көшесінің тұрғындары жандарын шүберекке түйіп жүр. Үйлерінің үстінен жоғары кернеулі тоқ өтеді. 110 мың КВт. Эпидемиолог мамандар да денсаулыққа зиянын айтқан. Ауруы созылмалы адам көп. Одан сорақысы да болып жатыр.
Гүлден Зиядина, қала тұрғыны:
Санитарлық норма мен ережені бұзып, біздің тас төбемізден қуатты қондырғылар орнатқан. Салдарынан денсаулыққа, өмірге үлкен қатер төндіріп тұр. Біз онкология диагнозымен 29 көршімізден айырылдық. Талдау жасалған.
Көпшілік Күлтегін көшесіне министрді келуге көндірді. Әйтпесе, мәселеге жергілікті билік еш мән берер емес.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
Бірақ мен уәде бердім. Ертең өзім барам сағат 1-де.
Қала мен оның маңын газбен қамтудың 3-ші кезеңі басталмақ. Жобаға 20 млрд теңгедей көзделген. Бұған Тельман, Фемели Вилладж, Пригородный, Гарден Вилладж, Шұбар, Өндірістік, Кирпичный тұрғын үй алаптары мен Қараөткел елдімекені кіреді. Сондай-ақ министр майнинг фермасына да тоқталды. Криптовалюта өндірушілер халықты тоқтан тарылтпауы керек. Ал, өздері балама қуат көздерін пайдаланғаны дұрыс.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
Біздің ойымыз қымбат энергияны, сырттан келген энергияны тұтынушы ретінде сол майнингтер алу керек. Және баламалы жаңартылатын энергияның құны да біраз қымбат. Және майнингпен айналысатындар өз ақшасымен станция құрса және ол ұлттық энергия жүйесіне кірмей тұтынса оған еш тыйым жоқ.
Мұнай өнімдерінің бағасы пен сапасын сан құбылтып жүргендерге жүген салынады. Яғни, делдалдармен алыс-беріс тоқтайды. Тек мұнай базасы бар, кәсіпорындарға жанар-жағармай жеткізуге әлеуетті компаниялармен жұмыс жүргізіледі. Күн тәртібіне қара алтын қорын қалыптастыру да шығып отыр. Әзірге жоспар 200 мың тонна. Сосын тапшылық болмау үшін мұнай өнімдерін 6 айға дейін автокөлікпен шығаруға тыйым салынды.
Нысаналы Ығыл
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы