Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына – 30 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына – 30 жыл

08.05.2022

Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына – 30 жыл. Отан қорғаушылар күні қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар офицерді мемлекеттік наградамен марапаттап, әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер берді. Ақордада өткен салтанатты жиындағы ең басты жаңалық – 77 жыл бойы ерлігі еленбеген, Екінші дүниежүзілік соғыстың 3 ержүрек майдангері Төлеуғали Әбдібеков, Александр Несмиянов пен Ыбырайым Сүлейменовке «Халық қаһарманы» атағы берілді. Иә, батырлар қаза болғаннан кейін құрмет көрсетіліп жатыр. Дегенмен, олардың туыстары қанды шайқаста қайрат-жігерін көрсеткен аталарының атақ алып, әділдік орнағанына қуанып отыр. Өйткені бұған дейін олар тиісті деңгейде бағаланбаған. Оңғар Алпысбайұлының репортажы. 

77 жылдан кейін еленген ерлік! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан үш майдангер: Ыбырайым Сүлейменов, Александр Несмиянов пен Төлеуғали Әбдібековке «Халық қаһарманы» атағын берді.

Бұл тарихи әділдіктің орнауы деді президент. Өйткені үш жауынгер бірнеше мәрте «Кеңес одағының батыры» атағына ұсынылса да, ескерусіз қалып келген. Бірақ ерліктері ерекше. Атақты мерген Төлеуғали Әбдібеков бір өзі майдан даласында 397 жаудың көзін жойған. Ол 1916 жылы Бұрынғы Семей облысы Жарма ауданында дүниеге келген. Кейіннен Оңтүстік Қазақстандағы Мақтарал кеңшарына көшіп, сол жерден 1942 жылы соғысқа аттанады. Бірден Калинин Майданындағы Панфилов дивизиясының сапына алынған. Сұр мерген оғынан үрейленген фашистер Төлеуғали Әбдібековке «Қара ажал» деген ат қойған. 1944 жылдың 23 ақпанында Төлеуғали Әбдібеков ауыр жарақаттан қаза тауып, Калинин облысының Насва станциясында жер қойнауына табысталады.

Ал Александр Несмиянов жау қорғанысын бірінші болып бұзып, 20 фашистке жалғыз қарсы тұрғанына тарихи құжаттар дәлел. (ГЕО: БЕЙНЕҚОР) Ол ұрысқа 1942 жылы араласады. Қырымды азат етіп, Украйна майданында толық болады. Осы аралықта көрсеткен ерлігі үшін ол үш рет Кеңес Одағы батыры атағына ұсынылады. Бірақ берілмеген. Интернет иірімінде – Александр Несмиянов 1991 жылы қайтыс болғаны жазылыпты.

Ыбырайым Сүлейменов те құралайды көзге атқан мерген болған. Ол 1911 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданында дүниеге келген. (ГЕО: БЕЙНЕҚОР) 41- жылы әскер қатарына шақырылып, оны мергендікке баулыған. 100-ші атқыштар бригадасында Мәскеу маңындағы ұрыстарға қатысып 300 ге жуық жаудың көзін жояды. Кейін Невель қаласын жаудан азат ету операциясы кезінде 43 жылы ерлікпен қаза табады. Сол кезде жанқиярлығы үшін Кеңес одағының батыры атағына ұсынылады. Алайда тек Ленин ордені берілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ол бір жылдың ішінде 289 жау әскерін жойды. Бұл ерлік те тарихи деректерде көрсетілген. Қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметова екеуі соңғы демі қалғанша жаумен арпалысып, қаза тапты. Батыр атағына екеуі қатар ұсынылғанымен, Ыбырайым Сүлейменовтің ерлігі жоғары деңгейде бағаланбады.

Батырлардың есімі ауылдар мен көшелерге берілді, ескерткіш орнатылды. Енді міне, «Халық қаһарманы» атанды.

Айткүл Сүлейменова, Ы.Сүлейменовтің немере қарындасы:
Өзімнің арманым еді. Мінекей сол арманымның орындалғанына сенерімді де сенбесімді де білмей тұрмын. Жаңа Қасым-Жомарт Кемелұлынан алған награданың өзі мені көкке жеткізді.

Жалпы екінші дүниежүзілік соғыста 500-ге жуық жерлесіміз Кеңес одағының батыры атанған. Бірақ ерлігі еленбей қалған өзге де майдангерлер жетерлік. Біз оларды ұмытпай, ұлықтауымыз керек, деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өйткені ерлік ешқашан ескірмейді. Майдангер аға буын, кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі өнеге. Бүгінде олардың жолын жалғаған бейбіт күннің батырлары аз емес.

Елордалық ардагер Жәкен Сейсебаев әскер қатарына 17 жасында алынған. Артилерия сапында майданға араласып, «катюшада» зеңбірекші болады. 3 ай өтпей жараланып, әскери госпитальге де жатып шыққан.

Жәкен Сейсебаев, ардагер:
Басымнан осколок тиіп, жаралы болып қалдым. Бірдеңе тарс ете қалды. Адам жығылғанда басын ұстайды екен. Тұрсам қолым қан. Мынаны тесіп, бөрікті тесіп, мына басты. Құйқаны тіліп кетіпті сүйекке тимей. Москваға госпитальге әкеп, жазып, май айында қайта апарды.

Бұл жолы Жәкен ата соғыстың соңына дейін қаруын жимаған. Берлинге дейін жетіпті.

Жәкен Сейсебаев, ардагер:
4 июль күні ұмытпаймын Беларусияны түгел, тап-таза босаттық. Сосын Украина, ары қарай Латвия, Литва, Польша. Содан соғысып, Берлинге 60 км жетпей бізді қайтарды ғой.

Ал Жапаш Кашеков алдымен атқыштар девизиясында қатардағы жауынгер болып кейін әскери жүргізуші қызметіне ауысқан. Майдан даласында талай қан төгісті бастан кешіріп, кейін Солтүстік кореядағы Кеңес әскерінің қатарында да болған. Бүгінгі тілегім тек егемен еліміздің ертеңі еңселі болуы ғана дейді ол.

Жапаш Кашеков ардагер: 
Ұғымды болсын ұлдарың, қыздарың жұғымды болсын. Үлкендері парасатты, санатты болсын. Жастары қанатты болсын. Әумин.

Жалпы майданға Қазақстаннан 1 млн 200 мыңға жуық адам қатысқан. Оның 601 мыңы туған жерге оралған жоқ. Ардагерлерге деген құрмет ешқашан таусылмайды. Қазақстан бойынша екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, көзі тірі 381 ардагер болса, олардың 75-і Алматыда тұрады. Мереке қарсаңында республикалық клиникалық госпиталь қызметкерлері соғысқа қатысқан бірнеше майдангерді құттықтады. Ғасыр жасаған Ізгілік Дабаев ақсақал 1941 жылы әскерге шақырылып, бірнеше қаланы азат етуге қатысқан. Днепрді жаудан босатқаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Әйгілі Курсктегі кескілескен ұрыстағы ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысы» орденіне ие болған. 1945 жылы желтоқсан айында елге оралыпты.

Ізгілік Дабаев, ардагер:
Үш майданда болдым. Калинин майданы, Батыс майданы, бірінші Украина майданы. 1941 жылы Мәскеуді қорғауға қатыстым. Бауыржан Момышұлымен.

Ал, Елордалық жастар жеңіс мерекесі қарсаңында соғыс ардагерлерін ерекше құттықтады. Өнерпаздар арнайы безендірілген автобуспен қаланы аралап, ардагерлер мен қала тұрғындарына сый көрсетті. Әскери-патриоттық әндер орындап, ардагерлердің жүрекжарды тілегін тыңдады.

Ел астанасында қазір 18 ардагер тұрады. Алды 102 ге ең жасы 96 жасқа келген.

Айгерім Тәңірбергенова, Нұр-Сұлтан қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары:
Президенттің тапсырмасы бойынша 1 млн теңге көлемінде әлеуметтік төлем көрсетілді. Жалпы ардагерлерімізге тек қана жеңіс мерекесі қарсаңында емес жыл бойы үнемі қала басшылығының тарапынан назар аударылып, көмек көрсетіліп отырады.

Жеңіс күні қарсаңында ардагерлерге, оларға теңестірілген азаматтарға және тыл еңбеккерлеріне 1 реттік жәрдемақы жасау да жыл сайынғы дәстүрге айналған.

Руслан Сәкеев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:
Жеңіс күніне орай жергілікті атқарушы органдар тарапынан сомасы 5 млрд 400 млн теңге бір жолғы көмек көрсету қаражаты қарастырылған.

Әлемге бейбіт өмір сыйлаған жауынгерлердің қатары жылдан жылға сиреп барады. Батырлардың ерлігі көзі тірісінде ғана емес, мәңгілік ел жадында сақталса игі.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу